Мейіргерлер науқасты қабылдауға дайын ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Мейіргерлер науқасты қабылдауға дайын ба?

Мейіргерлер науқасты қабылдауға дайын ба?

Енді елімізде мейіргерлер науқастарды қабылдап, кеңес беріп, дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Мұндай тәжірбие АҚШ, Канада, Ұлыбритания сынды дамыған мемлекеттерде бар. Олар қабылдау жүргізіп, қажет болған жағдайда ғана науқасты дәрігерге бағыттайды. Бұл кезекті азайтып, медициналық көмектің сапасын арттыруға сеп. Ал Қазақстанда мұндай жауапкершілікті арқалауға мейіргерлердің тәжірибесі жете ме? Жаңа реформа халыққа не береді?
Мейіргерліктің мәні тереңде. Ол тек «барып кел, шауып келге» жүгіретін ортанқол маман емес. Мәселен, салада 9 жыл тәжірибесі бар Мақпал дәрігердің жұмысын жеңілдетіп, науқастарды қабылдауды бастап кетті.
Мақпал Пайызхан, мейіргер:

Колледжден кейін Назарбаев университетіне түсіп, білімімді жетілдіріп, бакалавр дәрежесін алдым. Қазір магистратураға түсуге ниеттімін. Өйткені бұл әрбір мейіргер үшін аса маңызды.
Елімізде мейіргерлерге науқастарды қабылдауға рұқсат берілді. Яғни олар алғашқы медициналық тексеріс жүргізіп, кеңес беріп, «мейіргерлік диагноз» қоюға, дәрігер тағайындаған дәріге электронды рецепт жазып, қажет болса, бейінді маманға жолдайды. Бірақ жоғары санаттағы мұндай мейіргерге қойылар талап бар.
Гүлнұр Нәдірбекова, UMC медициналық орталығының мейіргерлер директоры:
Ең алдымен мейіргердің білімі мен дипломы болуы қажет. Кейін дәрігердің сеніміне ие болып, оның тексеруінен өтуі тиіс. Одан соң пациенттің сенімі де маңызды. Бұл – бірнеше кезеңнен тұратын процесс. Сол сатылардан өтіп, кәсіби біліктілігі дәлелденгеннен кейін ғана мейіргерге клиника рұқсат береді. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда жыл сайын халық саны артып келеді. Осы орайда үлесті тек дәрігерлер ғана емес, мейіргерлер де қосып отыр.
Елде 150 мыңға тарта мейіргер жұмыс істейді. Оның 20 мыңнан астамы бакалавр дипломына ие, яғни оларға алғашқы қабылдау жүргізуге рұқсат. Соңғы жылдары магистр және PHD білімін алатын мамандар қатары да артқан. Енгізілген жаңашылдық «мейіргерлердің білімін жетілдіруге, дамуына серпін береді», - дейді дәрігерлер. Ал жас мамандарға арнайы даярлықтан өту міндеттелмек.
Гүлмира Дүйсембаева, Республикалық Медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының бөлім меңгерушісі:
Жаңа оқу бітіріп келген мейірбикелер болса, біз оларды үйретеміз. Науқастарды қалай қабылдау керек, қандай бұйрықтар бар – бәрін түсіндіріп айтамыз. Учаскенің жұмысының 80 пайызы негізінен мейірбикеге байланысты. Бір жағынан бұл дәрігерлердің де жұмысын жеңілдетеді.
Мамандардың айтуынша, жаңа өзгерістерге алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі бұл процесс бірден емес, бірте-бірте енгізеледі. Әзірге мейіргерлер науқастарды қабылдаса да, үстінен дәрігер тексеріп, бақылап отырады. Осылайша жүйені дұрыс ұйымдастыру арқылы, сапалы медицинаны қолжетімді ету көзделіп отыр.

Бөлісу