«AFD»: Инвесторларға жол ашу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар «AFD»: Инвесторларға жол ашу

«AFD»: Инвесторларға жол ашу

Бүгін Алматы облысындағы вольфрам кенішін игеріп жатқан қытайлық ірі компания алғаш рет бір уақытта Астана халықаралық қаржы орталығы мен Гонконг қор биржасында өз акцияларын сатуға шығарды. Тарихи сәт Астанада өткен қаржы форумы аясында жүзеге асты. Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне куә болған әріптесім Ақмаржан Ғафизқызы тақырыпты тарқатады.
Бұл – Орталық Азиядағы тарихи кезеңнің бастауы деп бағаланды. Себебі бұған дейін аймақтық компаниялар бір уақытта бірнеше биржада акцияларын ашық сатуға шығармаған. Акцияларға өтінім сомасы 341 млрд долларды құрады. Демек шетелдік инвесторлар Қазақстан нарығына қаржы құйғысы келеді. Вице-премьердің сөзінше, шетелдік қаржының Қазақстанға тікелей келуіне жол ашатын нақты тетік.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Маңыздылығы басқа инвесторларға жақсы мүмкіндік. Өйткені шетелдік инвестор келіп кен орындарын ашып, оны ресми түрде дұрыс жүргізіп, нәтижесіне жетіп отыр. Біраз акцияларды екі биржаларда сатып, сол қаржы Қазақстанға келіп әріқарай осы өндірісті дамытуға мүмкіндік беріп жатыр. Сондықтан өте маңызды. Өйткені ең бастысы басқа инвесторларға жол ашып жатыр.
Осы тұста Алматы облысындағы әлем бойынша көлемі жағынан төртінші орын алатын Бұғыты вольфрам кен орнын игеретін компания, Қазақстанмен ұзақмерзімді серіктестікке сенім артады. Қытайлық инвестор жобаны тек шикізат көзі емес, толыққанды индустриялық база ретінде дамытуға ниетті екенін айтты.

Лю Лиця, Jiaxin international resources investment limited компаниясының төрағасы:

Бүгін біз ерекше сәттің куәсі болып отырмыз. Біздің компания алғаш рет бір уақытта екі биржада IPO өткізіп отыр. Бұл Қазақстан нарығына деген зор сенімнің көрінісі. Біз Қазақстан үкіметіне алғыс білдіреміз. Бұғыты жобасы - Қытай мен Қазақстан арасындағы өндірістік ынтымақтастықтың жемісі. Алдағы уақытта біз өңдеу мен өндірісті кеңейтуге көшуді жоспарлап отырмыз.

Ақмаржан Ғафизқызы, тілші:

Ал Aстана халықаралық биржасы үшін бұл стратегиялық серпілістің бастауы. Енді қазақстандық биржа әлемдік қаржы картасында бұрынғыдан да нығая түседі. Astana Finance Days форумында Қазақстанның қаржы нарығын дамыту мен экономиканы әртараптандыру жолдары қаралды. Сондай-ақ, тау-кен өндіру секторына капитал тарту да назардан тыс қалған жоқ. Халықаралық қаржы орталықтарындағы деректерді қорғау, киберқауіпсіздік, жасанды интеллекттің қаржылық реттеуге интеграциясы талқыланады.
Бөлісу