«Үлкен Алтай» туристік-спорт фестивалі 2017 жылы Шығыс Қазақстанда өтеді. Бұл туралы «Алтай-Алтын таулар» екінші трансшекаралық туристік бағытының қатысушылары айтты, деп хабарлады облыс әкімінің ақпараттық орталығы.
Барнауыл қаласынан ШҚО арқылы трансшекаралық туристік бағыт Алтайға қарай бет алды. Делегацияның мақсаты - Қытайда өтетін кезекті «Үлкен Алтай» фестивалінің ұйымдастырылуымен танысу.
Еске сала кетейік, «Үлкен Алтай» дәстүрлі ойындары «Біздің ортақ үйіміз - Алтай» халықаралық үйлестіру кеңесімен Алтай аймағында тұратын ұлттарды біріктіріп, нығайту мақсатымен ұйымдастырылған. Үйлестіру кеңесінде Алтай біріктіріп тұрған Қазақстан, Ресей, Қытай мен Моңғолия таныстырылады.
«Үлкен Алтай» спорттық туристік фестивалінің үйлестірушісі Антон Сергеевтің айтуынша, ойындарға ат спорты, альпинизм, балық аулау, рафтинг, веложарыс кіреді.
«Одан бөлек, шараны өткізетін ел өз халқының ұлттық ойындарын да қоса алады. Мәселен, 2013 жылы Моңғолия бағдарламаға ұлттық ойындардың үш түрін енгізді», - деді А.Сергеев. Қытайда делегацияға қатысушылар мен ұйымдастырушылар фестиваль бағдарламасына қандай спорт түрлері кіретінін шешіп, басқа да мәселелерді талқылайды. Алтай қаласынан кейін «Үлкен Алтай» бұқаралық туристік фестивалі Шығыс Қазақстанда өтеді.
ҚазАқпарат