«ЕХРО көрмесін өткізу туралы Заң» толықтырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ЕХРО көрмесін өткізу туралы Заң» толықтырылды

09.12.2013
«ЕХРО көрмесін өткізу туралы Заң» толықтырылды
Бүгін Үкімет басшысы Серік Ахметовтің Оңтүстік Кореяға ресми сапары басталса, бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев 13-желтоқсанда Мәскеуге жұмыс сапарымен барады. Осы аптадағы елдің ішкі және сыртқы саяси өміріндегі басты жаңалықтарды бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев хабарлады.
 
11-желтоқсанда Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Эфиопия Федералды демократиялық республикасына тұңғыш ресми сапары жоспарланған. Жалпы апта ішінде мемлекеттік органдардың қатысуымен 10-нан аса ресми және бейресми шаралар өтеді.  
 
Алтай Әбибуллаев, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі:
ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов бастаған делегацияның Оңтүстік Кореяға ресми сапары басталды. Бұл сапардың басты мақсаты – сауда-экономикалық, инвестициялық және индустриялық-инновациялық ынтымақтастық пен серіктестікті одан ары нығайтуға бағытталған.
 
Ал брифингтің екінші бөлігінде «Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясының өкілдері жуырда күшіне енген «ЕХРО көрмесін өткізу туралы Заңды» тәптіштеп түсіндіріп берді. Аталған заңмен сегіз заңнамалық актіге түзетулер қарастырылған.
 
Олардың негізгісі - «Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясын кейбір салықтардан босату. Корпоративтік және жер салығынан жартылай босату қарастырылған. Сондай-ақ, компания өкілдері бүкіләлемдік көрме мен мамандандырылған ЕХРО-ның ара-жігін ажыратып берді.
 
Майя Егімбаева, «Астана EXPO-2017» ҰК» АҚ Заң департаментінің директоры:
Халықаралық көрмелер бюросының 1928 жылы Парижде қабылданған конвенциясында бүкіләлемдік және мамандандырылған көрме деген түсінік бар. Қазақстанда өтетіні мамандандырылған ЕХРО. Бүкіләлемдік көрменің айырмашылығы нысандарды қатысушы елдердің өздері салады. Ал мамандандырылған көрменің нысандарын қабылдаушы ел салады.
 
 
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу