Астанада Қазақ соқырлар қоғамының дәстүрлі мерекелік концерті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Қазақ соқырлар қоғамының дәстүрлі мерекелік концерті өтті

09.10.2014
Астанада Қазақ соқырлар қоғамының дәстүрлі мерекелік концерті өтті

Қазақстанда мүгедектер күні жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтіледі. Осыған орай Конгресс-холда Қазақ соқырлар қоғамының дәстүрлі мерекелік концерті өтті, деп хабарлайды «Астана ақшамы».

Әлем халқының 10 пайызын зағип жандар құрайды. Біздің елде 20 мыңнан аса көз жанарынан айырылған адам бар. Солардың ішінде 450 зағип – Астана қаласының тұрғыны.

Құрылғанына 75 жылдан ас­қан Қазақ соқырлар қоғамы республи­калық бірлестігінің қалалық бөлімшесі ұйымдастырған жылдық қорытынды концерт мүмкіндігі шектеулі жандар­дың мерейін тасытты.

Сахна шымылдығы зағиптардан құралған хордың орындауындағы Төлеген Мұхамеджановтың «Астана кеші» әнімен ашылды. Қалалық Қа­зақ соқырлар қоғамының төрағасы Қуа­нышбек Тәтенов сөз алып, атқа­рылған істер жөнінде баяндама жасады.

Сонымен қатар, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ сынды үстел спорты түрлерінен өткен турнирлерде бірнеше зағип топ жарды. Д.Сүтбаева, Н.Ли, М.Тоқыбаева, Б.Дыбысбаева сынды спорт шеберлері – соқырлар қоғамының мақтанышы.

Республикалық «Разные-равные» фестивалінде А.Нұғманова жүлделі 2-орынды алды. Ал, қала көлемінде өткен осы конкурста «Мамандық үз­дігі» аталымымен 1-орынды Камалиден Оспанов, 2-орынды Жанар Әбілбекова алса, 3-орынды алған Низамутдиновтер «Тату отбасы» аталымымен марапатталды. Сондай-ақ, көрермен көзайымы болған Вероника Болгарская «Вокал» аталымын иеленді.

Концертте өнер көрсеткен барлық зағип қонақтардың ыстық ықыласына бөленді. Әсіресе, «Болашақ» бағдар­ламасы бойынша Италияда оқып кел­ген Саида Халықова Ахмет Жұбановтың «Қызыл қайың» композициясын фортепианода ойнап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Қыркүйек айы бойы ұйымдас­тырылған «Ақ таяқ» фестивалінің қорытындысы осы кеште жарияланды. Фестиваль аясында өткен бағбандар, аспаздар, қолөнер шебер­лері, солист-вокалистер, көркемсөз оқу шеберлері және ақындар кон­курсының жеңімпаздары, жалпы айтқанда, он түрлі сайыста бірінші орынға 10 адам, екінші, үшінші орын­дарға 17 адамнан барлығы 44 адам марапатталды. Былтыр конкурстың барлық түріне бір адам қатысқан. Ал, биыл бір адам бір ғана сайыс түрінен бақ сынады.

Фото: astana-akshamy.kz

Хабарламаларға жазылу