Әлемдік рекорд жаңартылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Әлемдік рекорд жаңартылмақ

Әлемдік рекорд жаңартылмақ

Қазақстан әлемдік рекорд орнатуға дайындалуда. Алматы облысының Ақши ауылында әлемдегі ең үлкен түйе керуені өтпек. Ұзындығы 9 шақырымға жететін мың түйе бір шақырымдық жолды жүріп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына тіркелуді көздейді. Шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр.

Керуенге «Дәулет-Бекет» серіктестігінің 1000 түйесі қатысады. Мұнда қазір 5 мыңға жуық түлік өсіріліп, шұбат пен құрғақ сүт өндірісі жолға қойылған. Шаруашылық басшылығы енді әлемдік рекорд орнатуды жоспарлап отыр.

Сыдық Дәулетов, «Дәулет-Бекет» түйе шаруашылығының негізін қалаушы:

Бұл – жастарға, мейлі ауыл шаруашылығында болсын, басқа салада болсын, еңбек етемін дегендерге үлкен мотивация деп ойлаймын. Рекорд түрлі салада қойылып жатыр ғой. Неге мен де әлемдегі ең үлкен түйе керуенін көрсетіп, осы рекордты жаңартпасқа деп бел будым.

Бұған дейінгі рекордты 325 түйемен Қытай орнатқан. Ол көрсеткішті жаңарту үшін қойылатын талап та оңай емес, - дейді сарапшылар.

Рамазан Көшербай, Гиннес рекордтар кітабының сарапшысы:

А пунктінен Б пунктіне дейінгі аралық 1 шақырым болуы тиіс. Осы қашықтықтан мың түйе бірінің соңынан бірі керуен болып өтіп шығуы керек. Әр түйе 7 жастан асқан болуы шарт. Сонымен бірге олардың әрқайсының түрі, жасы, аты көрсетілген төлқұжаты болуы қажет.

Өңірде болатын түйе керуені – ұлттық бірліктің және мәдени мұрамыздың нышаны. Бұл мыңдаған туристі тартып, өңірдің мәдени брендіне айналуы мүмкін, - дейді әкімдік өкілі.

Данияр Әлиев, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

Ең ұзын түйе керуенін ұйымдастыру шарасы 20 қыркүйекте Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Ақши ауылының іргесінде басталады. Оны арнайы Англиядан келген мамандар бақылап, қадағалайтын болады.

Сол күні киіз үйлер тігіліп, мерекелік бағдарлама өтеді. Ал шараның шарықтау сәті – әлемдегі ең үлкен түйе керуенінің ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына тіркелуі болмақ.



Бөлісу