Астанада теннистен әлемнің екінші ракеткасы, испандық Рафаэль Надаль әлемнің он екінші ракеткасы, француз Жо-Вильфрид Тсонгамен жолдастық кездесу өткізді. Көрсетілімді ойынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Кездесудің алғашқы геймінде Рафаэль Надаль 0:40 есебімен брейк жасап, алға шықты. Дегенмен, Жо-Вильфрид Тсонга екінші геймде қарымта қайтарып, есепті теңестірді.
Кейін допты ойынға қосқан теннисшілер өз мүмкіндіктерін рет-ретімен алып отырды. Жетінші геймде Жо-Вильфрид Тсонга төрт рет «эйс» жасап, 4:3 есебімен алға шықты.
Ал, бірінші сетте ең ұзаққа созылған оныншы гейм болды. Тартысты геймде испандық теннисшінің бағы жанды. Содан соң теннисшілер бір-бір геймнен алмасып, бірінші сет тай-брейкпен жалғасты.
Тай-брейкте Жо-Вильфрид Тсонганың жолы болды. Ол испандық теннисшіге небәрі екі ұпай алуға мүмкіндік берді. Бірінші сет 6:7 (2/7) есебімен аяқталды.
Екінші сет те брейктен басталды. Бірақ, бұл жолы брейк жасаған - Жо-Вильфрид Тсонга. Дегенмен, Рафаэль Надаль қатарынан төрт геймде жеңіске жетіп, 4:1 есебімен алға шықты.
Әрі қарай екі теннисші де ерекше соққылар жасау арқылы, көрермендердің көңілін көтерді. Өте сирек кездесетін әрі орындалуы қиын соққылар жасады. Сөйтіп, екінші сет 6:3 есебімен Рафаэль Надальдың пайдасына шешілді.
Шешуші сетте Рафаэль Надаль мен Жо-Вильфрид Тсонга бір-біріне брейк жасауға мүмкіндік бермеді. Рет-ретімен өздерінің ұпайын алып отырды. Есеп - 4:4.
Ал, бұл матчта ең ұзаққа созылған және кездесу тағыдырын шешкен үшінші сеттің оныншы геймі. Тартысты геймде испандық теннисші шеберлігімен көзге түсіп, брейк жасады. Кейін Рафаэль Надаль допты өзі ойынға қосу арқылы кездесуге нүкте қойды. Қорытынды есеп – 6:7(2), 6:3, 6:4.