«Поэзия әлемінде» – Бақытжан Алдияр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» – Бақытжан Алдияр

20.09.2014
«Поэзия әлемінде» – Бақытжан Алдияр

Бақытжан Алдияр – сыршыл да нәзік лирикасымен жүректі баураған ақын.

«Қазығұрт тауының баурайындағы мөлдір бұлақ сияқты ғажап лирикалық өлеңдері бар. Сол Қазығұрт тауының өзі сияқты рухты өлеңдері қаншама».

«Ең алдымен, Бақытжан – бәріміздің үнемі бір бүйіріміз бұрып тұратын кәдімгі нағыз қазақы ауылдың жыршысы. Оның ауылға деген сағынышы, махаббаты, балғын балалығына деген аңсары «Ауылға жазған арзулар» топтамасындағы жырларының әрбір шумағынан айқын сезіліп тұрады».  

Мархабат Байғұт

Ақынның шығармашылығымен танысқыңыз келсе, бүгін 13.00-де «Поэзия әлемі» хабарын көріңіз.

Біздің анықтама:

Бақытжан Алдияр - 1974 жылы 20 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының Турбат ауылында дүниеге келген. Қожа Ахмет Йасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің филология факультетін бітірген.

Шығармалары төрт ұжымдық жинақта жарияланған. 1998 жылы «Жібек жолы» баспасынан «Көзайым» атты жеке жыр жинағы жарық көрді. Көптеген халықаралық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері, республикалық М.Ғабдуллин атындағы сыйлықтың иегері.

 

КӨКБӨРІНІҢ ЖЫРЫ

Ай-й-й, аламан жылдар алып бір қашқан заманым!

Аяр жүзіңнен айналып теріс барамын,

Айдамкезін пір тұтқан.

Айналасын күн тұтқан

Ай-ана сынды қаусырды қала-қамалың,

Таусылды білем амалым.

Сонау бір сонау жылдарда,

Соңымнан ерген бөлтірік

Содыр қол келіп ұрғанда,

Айықпас бір дерт еңсемді езіп қорғасын,

Айға мұң шағып, аңырап қалған сор басым.

Әй, өр Түрік, ер Түрік!

Қылшығыма орап өсірген,

Құбыла қарап көсілген,

Иманын теріс келтіріп.

Инаят тапқан бір жауың перзентті мендік өлтіріп,

Ұл орнына ұл болып,

Ұлы иығына Бөрі атам берген Пір қонып,

Сен едің сонда соңымнан ерген бөлтірік.

Алп, алп сені бастырдым,

Алып бір таудан астырдым.

Мыстанның мысын қаштырып,

Дұшпанның сырын аштырдым.

Иілдің-дағы иландың әуел сөзіне

Иығыңдағы хас Пірдің.

Иманыңды енді ұмытып,

Иласыз күйі басыңды неге тасқа ұрдың?!

Таптырып көкте Ай тоят,

Қасиетіңді қайта оят,

Қаныңда қалса қасықтай қаны Қасқырдың!

Танып ал Бөрі-иеңді,

Тауып ал қайта киеңді,

Тау сынды берік түзеп ал жүйке-жүйеңді.

Әулекі сөзбен тілдескен,

Әупірімменен күн кешкен,

Әуегіңді қайта жи енді:

Күрек тісі – көк құрыш,

Көк құрыштан құтылатын жоқ-ты күш.

Жүрегінен аққан қанын жалаған,

Әулетіне жаны алаң,

Әуегімнің әулиесі абадан,

Ай-й-й, Ата Бөрі, қайдасың?!

Азу тісі – ақ алмас,

Ажалы қанша қуса да

Аттап бір басып алдына ешкім бара алмас,

Ай-й-й, Ана Бөрі, қайдасың?!

Айкезбе болып адамзат ұқпас мұңынан,

Айға бір қарап ұлыған.

Айырдан туған жампоздың өзін талдырған,

Айнала белгі салдырған.

Аяусыз кейде қақпанға түссе –

Аяғын кесіп қалдырған,

Ай-й-й, әуегім, енді қайдасың?!

Керуенің түзеп кел, сана,

Көшімнен қалмай ер, сана.

Керегесін күн жеген,

Кеуде тұсын мұң жеген

Кері кеткен ерлеріңді көр, сана.

Бөрі атымызға ылайық

Бөлінбес шерік құрайық.

Бөрілі басы байрақ ап,

Арғымақ атты алшайтып мініп айқабақ,

Алшыдай қырға шығайық.

Бір қолымда – Құраным,

Бір қолымда – Күн көтерген қыраным,

Тәуекел десіп тұрайық,

Тәңірден тәубе сұрайық!

… Деп балконнан бір Бөрі Айға ұлиды мұңайып…

Хабарламаларға жазылу