Бүгін – Шәріп Омаров дүниеге келген күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Шәріп Омаров дүниеге келген күн

10.09.2014
Бүгін – Шәріп Омаров дүниеге келген күн

Шәріп Омаров көпшілікке мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, дипломат, музыкант және асқан футбол жанкүйері ретінде таныс. Алайда, оның есімі  студент кезінде өзі негізін қалаған аты әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблімен тікелей байланысты.

Ол студенттік шағында футбол және көркемдікпен айналысады. 1969 жылы өз тобындағы курстастарымен бірге «Дос-Мұқасан» атты топ құрады.  Кейіннен бұл топ аты жер жаратын әлемге әйгілі ансамбльге айналды.

Бүкіл өмірін спорт пен музыкаға деген махаббатпен өткізген талант вокалдық ансамбльдің арқасында халықаралық конкурстардың лауреаты атанды.

Шәріп Омаров – өзі қызмет еткен әр саланың дамуына зор үлес қоса білген қайраткер. «Ол өз ісінің маманы еді, әрі ұйымдастыру қабілеті де жоғары болатын.  Қандай іске кіріспесін, асқан жауапкершілікпен, абыроймен алып шығатын. Оның бойынан нағыз адамгершілік қасиетті көруге болатын еді», деп еске алады замандастары.

Шәріп Омаров «Ерен еңбегі үшін», ҚазКСР Жоғары кеңесінің мақтау қағазымен, «Астана» медалі, «Парасат», «Достық» ордендерімен марапатталған.  


Біздің анықтама:

Шәріп Омаров – 1948 жылы 10 қыркүйекте  Жамбыл облысы, Қаратау қаласында қаласында дүниеге келген. Осы қалада 1966 жылы ХХІІ партсъездінің орта мектебін алтын медальға бітіреді. Ол мектепке кейін Дінмұхамед Қонаевтің есімі берілді.

1970 жылы  Қазақ Ұлттық техникалық университетін бітірген. 1970-1972 жылдары  осы оқу орнында инженер, ассисент, комсомол комитеті хатшысының орынбасары, 1972-1977 жылы Алматы қаласы Совет ауданы комсомол комитетінің хатшысы, Алматы қаласы комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқарған.

Кейіннен Қазақ ССР-нің спорт Комитеті төрағасының орынбасары және Қазақстан Республикасының Футбол федерациясының президенті болып тағайындалды. 1993-1994 жылы мемлекеттік «Қазақстан» телерадио компаниясы төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

1994 –1995 жылы Алматы қаласы әкімінің орынбасары, 1996-1999 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі Комитеттің төрағасы болған.  ҚР Парламенті Мәжілісіне екі рет депутат болып сайланды.

Ал соңғы жылдары Словакия мен Чехия республикаларында Қазақстанның өкілі ретінде көптеген жұмыс атқарды.

Бүгінде жерлестері жыл сайын Шәріп Омаровты еске алуға арналған республикалық жастар футболы турнирін өткізіп тұрады.

Хабарламаларға жазылу