Тиын жинап, оны зерттейтін ғылымды – нумизматика дейді. Дархан Ересен төрт жылдан бері көне тарихқа тиесілі осындай 150-ге жуық қара бақыр жинапты.
«Шыңғыс ханның ұлы Үгедей ханның тиыны 1233 жылы Самарқанд қаласында соғылған. Ол кезде күміс тапшы болғандықтан, мыстан тиын соққан да күміс жалатып, айналымға шығарған. Бұл тиын 5-ақ жыл айналымда болған, себебі мұны саудагерлер алмаған. Содан кейін Үгедей хан мұның сыртына «Самарқандта және Самарқандтың төңірегінде кімде-кім бұл тиынды алмайды, сол жазаға тартылады», деп жазып қояды», дейді жәдігер жинаушы.
Әр тиынның тарихын бүге-шүгесіне дейін зерттеген коллекционерде 1533-1584 жылдары Ресейде билік құрған Иван Грозный кезіндегі тиындар да бар. Сондай-ақ, Түргеш қағанатының ортасы тесік ақшалары да осында.
Тот басқан құнды дүниелердің қатарында Қытай, Иран, Әмір Темір, Алтын Орда, Шағатай және Бұқара жұрты пайдаланған тиындар сақталған.
Тапқан асыл мұраларын ғаламтор арқылы зерттейтін Дархан кейде Ресей тарихшыларының көмегіне жүгінеді екен. Алайда, кейбір бақырлардың жұмбағы әлі ашылмай келеді.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.