Дархан Ересен – көне тиындар жинаумен айналысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дархан Ересен – көне тиындар жинаумен айналысады

11.02.2016
Дархан Ересен – көне тиындар жинаумен айналысады

Дархан Ересен өзіне тиесілі әр тиынның тарихын бүге-шүгесіне дейін біледі. Мысалы, жәдігершінің қолындағы Мөңке қағанның қара дирхемі ұзақ уақыт жер астында жатқандықтан түсі оңып кеткен. Бір қарағанда, Күлтегін бейнесіне ұқсайтын қола бойтұмар көне түркі заманында соғылған.

Ерекше коллекциядағы 200 жәдігердің әрқайсысы өзінше құнды. Мұнда әшекейлі алтын динарға да, қарабайыр мыс теңгеге де орын табылады.

«Мысалы, мынау Мөңке ханның алтын динары. XIII ғасыр.  Ал, мынау Үгедей ханның күміс дирхемі. Бірі Ерат қаласында, бірі Қайалық қаласында соғылған. Күміс тиын алтын тиыннан қымбат тұрады. Себебі, Қайалық қаласында соғылған тиындар өте сирек кездеседі»,-дейді жәдігерші.

Дарханның мамандығы – инженер-механик. Тарихтың  құпиясына деген құштарлық еріксіз тартып әкетіпті. Тиынға бедерленген жазулар арқылы сол кезеңге еркін бойлауға болады. 

Қазақстан аумағында билік құрған әміршілер  өз ақшаларын айналымға енгізіп отырған. Ұлы Жібек жолының бойында тоғыз жолдың торабында жатқан қазақ даласында сауда-саттық та жақсы дамыған.

Қазір Дархан ежелгі Қазақстан аумағындағы ақша айналымы туралы мақала жазып жүр.

Толығырақ «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу