Оралда полиция қызметкерлеріне 25 автокөлік берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда полиция қызметкерлеріне 25 автокөлік берілді

28.08.2014
Оралда полиция қызметкерлеріне 25 автокөлік берілді

27 тамыз күні ҚР Конституция күніне орай БҚО Ішкі істер департаменті салтанатты шара ұйымдастырып, Жеңіс алаңында сақшылар сап түзеді. 

Департаменттің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, шара барысында ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қ.Қасымовтың құттықтау жеделхаты мен марапаттау туралы бұйрығы оқылып, қылмысқа қарсы күрес пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде ерекше көзге түскен қызметкерлерге медальдар, төсбелгілер, грамоталар мен алғысхаттар табыс етілді.

Ішкі істер министрінің және департамент бастығының бұйрығымен барлығы 458 полиция қызметкері марапатталды. 

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен елімізде Ата Заңға сәйкес халықтың бейбіт әрі тыныш өмір сүруі үшін тәртіп сақшыларына жүктелер жауапкершілік жүгі зор екенін атап өтіп, полиция қызметкерлеріне жаңа 25 «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етті.

Енді облыс орталығы - Орал қаласындағы барлық учаскелік полиция пунктінің аумақтық инспекторлары осы көлікпен қызмет атқаратын болады. Бұл тұрғындар үшін де ыңғайлы болмақ.

Сапта тұрған 5 жас қызметкер әріптестері мен ардагерлердің алдында халқына және мемлекетке адал қызмет етуге салтанатты түрде ант етті.

Департамент бастығы Махамбет Әбисатов, сондай-ақ сала ардагерлері жеке құрамды мерекемен құттықтап, жас сақшыларға ақ жол тіледі.

Мерекелік шара Орал полициясы гарнизонының салтанатты шеруімен аяқталды. 

Хабарламаларға жазылу