Астанада 1 қыркүйектен бастап жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелеріне қоғам назарын аудару мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының арасында қалалық шығармашылық байқау өткізіледі, деп хабарлайды astana.kz сайты Астана қаласының ІІД Әкімшілік полиция басқармасына сілтеме жасап.
Байқау мемлекеттік билік пен қоғам тарапынан жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында міндеттерді шешу, осы тақырыптағы ақпараттық материалдардың сапасын және кәсіби деңгейін арттыру, қоғамда әкімшілік полицияның жағымды имиджін қалыптастыру, сонымен қатар, халықты құқықтық тәрбиелеу мен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін күштерді біріктіруге ықпал етеді.
Байқауға өңірлік (өңіраралық) БАҚ-тың штаттық және штаттан тыс қызметкерлері, шығармашылық бірлестіктер, авторлық ұжымдар, журналистер, штаттан тыс авторлар, дизайнерлер мен фототілшілер қатыса алады.
Байқау қорытындысы 20 қазанда шығады, жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен биыл қараша айында өтетін республикалық БАҚ байқауына жолдама алады.