Егін науқаны аяқталуға жақын
Күзгі орақ науқаны аяқталуға жақын. Бірқатар өңірде өнімнің 95 пайыздан астамы орылды. Ал астықтың астанасы саналатын Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс әлі жалғасып жатыр. Биыл еліміздің кей өңірлерін қуаңшылық қыспаққа алғаны белігілі. Соған қарамастан егіннің шығымы жақсы. Қазірдің өзінде 20 миллион тоннаға жуық астық бастырылған. Жалпы, жиын-терім қалай өтті? Жауын-шашынның аз болуы өнімге қаншалықты әсер етті? Үкімет отырысынан Ернұр Медет баяндайды.
Ауа райы қарайласса, кетпен ұстаған қауымның бір жадырап қалатыны бар. Бірақ биыл солтүстік пен орталықтың кей өңірлерін қуаңшылық жайлады. Жаңбыр аз жауғандықтан, шаруалар төккен тер мен еткен еңбектің өтемі ақталмай ма деп алаңдағаны рас. Десе де күтімі жақсы болған егін, бітік шығыпты.
Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
Орташа өнімділік гектарына 14,7 центнерді құрап, 19,9 млн тонна астық бастырылды. Күтілетін астық көлемі азық-түлік, мал азығы және тұқымға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт әлеуетін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Астық қар астында қалмайды. Биыл республика бойынша 24 миллион 200 мың гектар алқаптан өнім жиналуы тиіс. Қазірдің өзінде оның 83 пайызы орылған. Алдағы екі аптада науқан толық аяқталмақ. Жалпы, Қазақстан - аграрлы ел. Астықты держава. Егіннің есебі тек қырман басындағы тоннамен өлшенбейді. Дәннің сапасы, сақталуы және шетелге экспортталуы да аса маңызды. Биыл бидайдың сыртқы нарыққа тасымалы да айтарлықтай артқан.
Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:
Негізгі шекаралық бағыттарға тоқталайын. Орталық Азия елдеріне тасымал 37 пайызға, Қытайға 34 пайызға өсті. Ресей порттары арқылы тасымал 9 пайызға артты. Ауғанстанға астық тасымалы 4,4 есе өсіп, 655 мың тоннаға жетті.
Биыл дала төсінде 130 мың трактор, 29 мың комбайн, 130 мыңнан астам өзге ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істеді. Әйтсе де олардың 70 пайызы тозған. Жауапты министрлік біртіндеп жаңартуды қолға алғанын айтты.
Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
Биыл біз 65 пайызға дейін төмендетеміз деп жоспарлап отырмыз. Ал жаңару деңгейі жыл сайын сатып алынатын техниканың үлесі. Егер біз қазір 130 мың дана трактор, 29 мың дана комбайн болатын болса, барлығын қосып, өткен жылдың қорытындысы бойынша біз 22,5 мың дана жаңа техника сатып алды, оның үлесі 6,5 пайызды құрайды.
Қамданған қапы қалмайды. Осыны ескерген Үкімет басшысы алдағы егіс науқанына дайындықты қазірден бастауды тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Президент тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан аграрлық салаға айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді. Егін қаруашылығын орнықты дамытуға және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған субсидиялық тетіктеріне баса көңіл бөлініп жатыр.
Диқандарды ерте қаржыландыру, сапалы тұқым мен тыңайтқыш қорын әзірлеу,
техниканы жаңарту басты міндет. Себебі жүйелі жұмыс - мол өнімнің кепілі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы