Алматы әлемдік деңгейдегі кәсіби велошабандоздарды қабылдауға дайындалып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы әлемдік деңгейдегі кәсіби велошабандоздарды қабылдауға дайындалып жатыр

11.08.2014
Алматы әлемдік деңгейдегі кәсіби велошабандоздарды қабылдауға дайындалып жатыр

2014 жылы 5 қазанда Алматыда велоспорттан «Алматы Туры-2014» әлемдік деңгейдегі кәсіби біркүндік жарыс өтеді.

Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) былтыр өткен алғашқы жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне жоғарғы бағасын беріп, «Алматы Турының» санатын 1.1 деңгейіне көтерген болатын.

Жарыс ұйымдастырушыларының бірі, «Қазақстанның спорттық технологиялары» компаниясының директоры Арнур Ибраев: «Әлемдік деңгейдегі «Katusha», «Sky», «Trek Factory», «Movistar», «Omega Pharma – Quick-Step» сынды мықты командалармен және өткен жылғы жарыс қатысушылары «Bardiane Valvole», «CCC Polsat», «Team La Pomme Marseille» велоұжымдарымен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті.

Биыл спортшылар әр қайсысы 31 шақырымнан тұратын алты айналмалы жолды жүріп өтуі тиіс. Яғни, Алматы шаһарында өтетін критериум жарысының жалпы қашықтығы 186 км құрайды.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, дүние жүзіне танымал спорттық телеарна «Eurosport» пен отандық телеарналар «Kazsport» пен «Алматы» телеарналарында жарыстан тікелей трансляция жүргізілуі мүмкін.

«Алматы Турында» комментаторлық қызметті атқару мақсатында «Eurosport» арнасының белгілі комментаторы Сергей Курдюковты шақыру да жоспарда бар.

Хабарламаларға жазылу