Қазақстандық жас әнші Мархаба Сәбиева Витебск қаласында өткен халықаралық «Славян базары-2014» байқауында үшінші орын алды. Бұл орынды ол Израиль әншісі Диана Голбимен бөлісті. Сыйақы ретінде оларға 2500 АҚШ доллары берілді.
Айта кету керек, байқаудың алғашқы екі күнінде Мархаба Сәбиева 6-шы орында тұрған. Бірінші күні ресейлік әнші Лариса Долинаның «Любовь и одиночество» әнін орындап, 86 балл алса, екінші күні америкалық әнші Бейонсенің «Halo» әнімен 87 балл алды. Ал үшінші күні конкурсқа қатысушылар өз елінің хитін орындауы керек болды. Мархаба Сәкен Мұсағалиевтың «Неге» әнін орындап шықты.
«Славян базары-2014» байқауының Гран-при жүлдесін Мексика өкілі Родриго де ла Кадена жеңіп алды. Бірінші орынды молдовалық Виталие Негруце иеленсе, екінші орынды украиналық Вероника Дорош пен хорватиялық Дино бөлісті.
Еске сала кету керек, осыдан бір жыл бұрын бұл байқауға Қазақстан атынан Бердібек Құлғараев шығып, 7-ші орын алған болатын. Ол сондай-ақ, арнайы жүлденің де иегері атанды.
Ал 2012 жылы Қазақ елі атынан Әлішер Кәрімов қатысып, үшінші орын алды. Оның алдында X-Factor жобасының жеңімпазы Дария Ғабдулл қатысты. Ал 2010 жылы таланттар сайысына Динара Сұлтан қатысып, үшінші орынға ие болған болатын.