Күй қаршығасының туғанына – 68 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күй қаршығасының туғанына – 68 жыл

25.03.2014
Күй қаршығасының туғанына – 68 жыл
Қазақтың қазынасы - құдыретті күй өнері дүлдүлдерінің бірі - Қаршыға Ахмедияров еді. Ол халқының төкпе күй өнеріне қанат бітірген, қазақ күйшілерінің мұрасын сол қалпында бүгінгі күнге жеткізген дәулескер күйші.
 
Қаршыға Ахмедияров 1946 жылдың  25 наурызында Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келген. 1972 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген.
 
1967-1991 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейіннен концертмейстер, жеке домбырашы және дирижер қызметтерін атқарады.
 
Ахмедияровтың репертуарында отандық композиторлардың күйлері, сондай-ақ, шетел композиторларының шығармалары бар. 1974 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогтық қызметпен шұғылданып, ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады.
 
Қ.Ахмедияров өз ұлтын өнерімен сусындатып қана қоймай, АҚШ, Жапония, Франция, Куба, Швеция, Италия, Финляндия, Үндістан, Швейцария, Норвегия, Польша, Португалия, Чехия, Венгрия, Йемен, Ангола секілді көптеген елдердің көрермендері мен тыңдармандарын өнеріне тәнті еткен әлем таныған жарық жұлдыздардың бірі еді.
 
Өнерсүйер қауым оны «Күй қаршығасы», «Саңлық күйші», «Күй аспанының Қаршығасы», «Ғасырдың күйшісі» деп кетті. 1981 жылы АҚШ-қа барып күй тартқанда, американдықтар қазақтың Қаршығасын сахнадан жібермей тұрып алған көрінеді.
 
Қазақ музыка өнерін дамытудағы жоғары шығармашылық жетістіктері үшін Қ.Ахмедияровқа 1982 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы, 1992 жылы Қазақстан Республикасының Халық әртісі атақтары берілді. 2000 жылы «Парасат» орденімен марапатталды.
 
«Шашақты найза, шалқар күй» атты кітабы, «Нарын», «Қуаныш», «Сағыныш», «Нұрғиса», «Қыз-ғұмыр», «Аққайың», «Желдірме», «Алтын ұя», т.б. күйлері бар. Сонымен қатар, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сынды атақты күйшілердің күйлерін жинап, «Атырау» атты күй жинағын жарыққа шығарды.
 
Сонымен қатар, «Сарыарқа», «Жігер», «Әсем қоңыр», «Шынар», «Табыну» атты күй жинақтары жарық көрді. «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы, Қазақ радиосы, «Шалқар» Ұлттық арнасының тікелей эфиріне қатысып, тығылымдық хабарлардың негізгі кейіпкері де болған Қаршыға Ахмедияров. Оның 500-ден астам күйі радио, теледидар мұрағаттарында сақтаулы.

Хабарламаларға жазылу