Мамырға дейін тарифтерді өзгертуге мораторий жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамырға дейін тарифтерді өзгертуге мораторий жарияланды

17.03.2014
Мамырға дейін тарифтерді өзгертуге мораторий жарияланды
Реттелетін қызметтердің тарифтерін өзгертуге  1 мамырға дейін мораторий жарияланған. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов мәлім етті.
 
Қазіргі таңда агенттік инфрақұрылым реттеуші ретінде 1186 табиғи монополия субъектісіне реттеу функциясын және 182 доминантқа қатысты баға белгілеу функцияларын жүзеге асырады.
 
2013 жылы тарифтерді қарау жұмысының нәтижесінде 1073 өтінім қаралып, 406 өтінімнен бас тартылған. 29-ы бойынша тариф төмендетілген. Доминант субъектілердің тариф көтеруге қатысты 55 хабарламасынан бас тартылып, 22 тариф төмендетілген.
 
«Реттелетін коммуналдық қызметтердің тарифтері Үкімет ұсынған инфляцияның жоспарланған дәлізі шегінде өзгертіледі. Былтыр инфляцияға үлес 1,15 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілді. Биыл жұмыс жалғасады», деді агенттік басшысы Мұрат Оспанов.

Хабарламаларға жазылу