Жеті ақынның кітабының тұсауы кесілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеті ақынның кітабының тұсауы кесілмек

12.03.2014
Жеті ақынның кітабының тұсауы кесілмек
Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Алтын қыран» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жеті ақынның кітаптарының тұсаукесері өтпек. Осыған орай суретші - карикатурашы Ғалым Смағұл және ақын Әлия Дәулетбай «Таңшолпанда» қонақта болды.
 
«Атырау – кешегі дауылпаз Махамбетті, күні кеше өмірден өткен Фариза Оңғарсыноваларды дүниеге әкелген қасиетті топырақ. Осы тұлғалардың соңынан дарынды жастардың шығуы заңды. Атырауда бір кездері «Армантау» деген жас ақындар клубы ашылған. Осы клубта қыз балалар поэзиясы жақсы дамып келеді. Бұл поэзияның басында Бақыткүл Бабаш тұр. Біздің аймақта ақындық өнер күн санап өсіп жатыр»,-дейді ақын Әлия Дәулетбай.
 
Ал карикатура жанрына тоқталған Ғалым Смағұл: «Әр аптаның, әр күннің өз карикатурасы бар. Карикатурашы боламын деген адам тақырыпсыз қалмайды. Бұл жанр кезінде «Ара» журналының аясында өркендеді, ал қазір жоқтан бар деуге болады. Бұл саланы оқытатын арнайы орындар жоқ. Мұнда әр адам газет беттерінде жарық көріп жатқан карикатураға қарап, қызығып келеді»,-дейді.

Хабарламаларға жазылу