Қазақстанда Интернет-казино қызметін заңсыз деп тану қарастырылып жатыр. Бұл туралы Мәжілісте ойын бизнесі мәселелеріне арналған заң жобасының таныстырылымы барысында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев мәлім етті.
«Ойын бизнесі саласындағы қылмыстар көрсеткіші бұл саладағы кірістің жоғарылығын көрсетеді. Сонымен қатар, заңсыз ойын бизнесіне қатысты қылмыстар саны да жыл сайын өршіп келеді. Айталық, қаржы полициясы органдары 2010 жылы - 34, 2011 жылы - 51, 2012 жылы - 483, 2013 жылы - 500-ден астам ойын бизнесі саласындағы қылмыстарды анықтаған», - деді агенттік басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, 2012-2013 жылдар аралығында елімізде 78 жасырын ойынхана анықталып, 208 заңсыз ойын автоматтары залдарының жолы кесілген. Бұл 2011 жылғы көрсеткіштен 5 есеге артық.
«Осыған орай, құқықтық ақауларды жоюды қарастырып отырмыз. Бұл ретте ең алдымен Азаматтық іс жүргізу кодексінде Интернет-казино қызметін заңсыз деп тану ұсынылады», - деді Т.Есентаев.