«Тұрғын үйді міндетті сақтандыру»: Талаптары қандай?
Тұрып жатқан үйді жер сілкінісі, табиғи өрт, су тасқыны мен су басудан сақтандыруды міндеттейтін заң қабылданады. Демек арнайы қор құрылады. Ал жарна көлемі қанша болуы мүмкін? Төлем ше? Ойға бірден келетін сұрақтар осы шығар... Бірден айтайық, әр өңірде әртүрлі. Тәуекел ескеріледі. 2 мың мен 20 мың теңгенің арасы деген болжам-есеп бар. Дегенмен климаттық өзгерістерге байланысты және 2 жарым жылдай бұрынғы жеріміздің көп бөлігін су басқанын ескерсек, «қауіп мейлінше аз» дейтіндей жер жоқ сияқты.
Иә, еліміз бюджеті апаттардан кейінгі шығындарды жалғыз көтере алмайды. Демеушілер қаржысы – арқа сүйейтін берік таған емес. Сақтандыру ережесінің ерте ме, кеш пе, енгізілетіні белгілі еді. Мәселе – қор жұмысының ашық болуы. Жалпы кез келген қомақты ақша жиналатын жердегі процесс бейнелеп айтқанда «мөлдір бұлақтай» сылдырап, есеп бұлғақтамай берілсе, ешкім күңіренбес еді.
Сақтандырудың жаңа түрінің жай-жапсарын Елдос Есенбол
тарқатады.
Елдос Есенбол, тілші:
2024 жылғы төтенше жағдай кезінде 19 мыңнан астам тұрғын үй мен саяжайды су басқан. Ішінде толық қирағандары да, жартылай бүлінгендері де бар. Осының барлығын қалыпқа келтіруге мемлекет тарапынан 251 миллиард теңге бөлінген еді. Мысалы, оның 54 миллиард теңгесі нарықтан дайын тұрғын үйлерді сатып алуға, 64 миллиард теңгесі жаңа баспана салуға жұмсалған. Тағы 54 миллиард теңгесі су кірген үйлерді жөндеуге кеткен.
Осыдан кейін «азаматтар баспанасын сақтандыруы керек» деген әңгіме жиі-жиі айтыла бастады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұрғын үйді міндетті сақтандыру жобасын әзірлеп биыл 15 қыркүйекте қоғам талқысына ұсынды.
Серікбосын Төлебеков, ҚР ҚНДРА Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті директорының орынбасары:
Біздің қарастырып отырғанымыз – ол кезең-кезеңімен енгізу. Егер Қазақстанның өңірлерін қарап отырсақ, біздің 16 облысымыз жер сілкінісі, су апаты және табиғи орман өрті деген сияқты тәуекелдерге бейім. Ең бастапқы кезеңде Жамбыл облысы мен Алматы, Шымкент қалалаларында енгізіледі.
Елдос Есенбол, тілші:
Жоба «Тұрғын үйді міндетті сақтандыру» деп аталады. Яғни атында жылжымайтын мүлігі бар азаматтың барлығы жылына бір рет жарна төлейді. Бұған дейін баспана ерікті түрде сақтандырылса да, одан бөлек міндетті сақтандыруды рәсімдеуіңіз қажет. Жоба бойынша тұрғын үйді жер сілкінісі, су тасқыны және орман өрті сияқты табиғи апаттардан ғана сақтандырасыз. Яғни тоқтың себебінен өрт шығып үйіңіз жанып кетсе, ақша алмайсыз. Келісімшарт 12 айға жасалады. Тағы бір маңыздысы – баспананы төтенше жағдай жарияланғанға дейін сақтандырып үлгеруіңіз керек.
Альбина Болат, «Евразия» сақтандыру компаниясының заңгері:
Үш негізгі шартқа сәйкес келсе, ол міндетті сақтандырылуға тиіс. Негізгі шарттар тұрғын жай меншік иесіне заңға сәйкес рәсімделген болуы керек. Сол тұрғын жайда тұрақты тұруға және оны пайдалануға тиіс. Үшіншіден, осындай апаттық жағдайлар – өрт, су тасқыны аймағында орналасуы керек.
Серікбосын Төлебеков, ҚР ҚНДРА Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті директорының орынбасары:
Сақтандыру сыйлықақысының жарналары 2 мың теңге мен 20 мың теңгенің арасында болады. Жарна мүліктің орналасқан өңіріне байланысты. Өңір жоғары апатты тәуекелге бейім болса, соғұрлым өңірдегі сақтандыру жарнасы да жоғары болады.
Елдос Есенбол, тілші:
Төтенше жағдай кезінде үйі қираған азамат жыл сайынғы жарнадан 500 есе, ал жартылай бүлінсе, 250 есе көп қаражат алады. Мысалы, жылына 10 мың теңге төлеп отырған болсаңыз, 2,5 миллион мен 5 миллион теңге арасында аласыз.Үйдің қаншалықты бүлінгенін жергілікті әкімдік құрған комиссия анықтайды. Біз міндетті сақтандырудың негізгі шарттарын санамалап шықтық. Енді «мынаны білу керек» дейтін тұстарына тоқталайық. Мысалы, атауы міндетті болғанымен барлық үй бірдей сақтандырылмайды.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Адамдар айтады: «сілкінді ғой, 1 балл жер сілкінісі деп саналады ғой» деп. Мемлекет айтады «бұл өзі де құлайын деп тұрған үй» деген сияқты. Мысалы, сіз осы айда 300 теңге төледіңіз, ертесі күні 30 миллион теңге үйіңізді сақтандыру үшін керек болып тұр десе, мемлекет оның бәрін өтей алмайды. Сондықтан алдын ала белгілі бір талаптар қойып, оның бәрін реттеп алуы керек.
Елдос Есенбол, тілші:
Жоба бойынша азаматтың үйі қираса, сақтандырудан алатын ақша ең көп дегенде 10 миллион теңге. Бұл шығынды толық өтеуге жетпейтіні түсінікті. Табиғи апат жиі болатын Түркия мен Жапонияның моделін қарайық. Ол жақтарда ірі апат болған кезде жиналған қаржыдан бөлек қайта сақтандыру, кепілдік немесе әлеуметтік көмек арқылы мемлекет шығынның бір бөлігін мойнына алады. Яғни жеке тұлға, сақтандыру қоры, мемлекет деген үш таған жұмыс істейді. Қазақстанда талқыға түскен міндетті сақтандыру жобасында мемлекеттің көмектесіп, не көмектеспейтіні ашып жазылмаған.
Ләззат Нұрғалиқызы, экономист:
Қалай дегенмен де шығынның барлығы толық жабылмайды. Орысша айтқанда қорғаныш жастығы сияқты көмек ретінде жүретін нәрсе.
Жеңіс Шәріпұлы, тұрғын үй нарығының сарапшысы:
Үкімет тарапынан да көмек болады деп ойлаймын. Бірақ Үкіметтің де ақшасы шектеулі. Сондықтан 10 миллион теңгені сақтандыру компаниясы, 10 миллион теңгені мемлекет төлесе, әрі қарай 10 милллион теңгені адамның өзі төлейді деп ойлаймын.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Әлеуметтік аз топтың өзінің бір жеңілдігі болуы керек. Міндетті дегеннен кейін барлығы төлеуі керек. Бірақ оның ішінде өзі өтей алмай, тіпті мемлекеттен ақша алып отырған адамдар бар. Жәрдемақы алып отыр. Сондықтан мемлекет бұл жәрдемақының үстіне қосып беретін бе, компенсациялық өтем жасауы керек. Мемлекет міндеттеп отырғаннан кейін өзі де көмектесуі керек деп ойлаймын.
Егер заң күшіне енсе, «Тұрғынжайды міндетті сақтандыру қоры» деген арнайы ұйым құрылады. Азаматтардың жарнасы сонда жиналады.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
90 жылдардан бері сақтандыруда көптеген махинациялар болған.Сол адамдардың белгілі бір сенімсіздігін тудырды.
Ләззат Нұрғалиқызы, экономист:
Сақтандыруға сіз қанша салдыңыз, ол қаржы қайда жұмсалады, қайда тұрады, ол жиналған қаржы біреуге кетіп қалып шу болып жатпайтындай жағдай болуы керек қой. Сондықтан осындай ашықтық керек.
Елдос Есенбол, тілші:
Тұрғын үйді міндетті сақтандыру болжам бойынша 2030 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енуі керек. Оған дейін Құрылтайға енгізіліп, талқыланады. Ең бастысы – төтенше жағдай болғанда «кім төлейді, қанша төлейді, қанша жетпейді?» деп қайтадан дауласып отырмау. Ол сұрақтардың жауабы апаттан кейін емес, апат болмай тұрып дайын тұрса абзал. Міндетті сақтандырудың мәні де осында.