Жылыту маусымына дайындық қалай?
- Үкіметте алдағы жылу маусымына дайындық қаралды. Есеп берген Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндамасының ішіндегі маңызды жаңалықтың бірі: Сәтбаев қаласының жылу магистралін жаңғырту аяқталған. Облыс болып қайта ашылғанша қатты «шаршаған» Ұлытаудың бір ірі орталығындағы бұл шаруаның біткені рас, «дұрыс екен!» дейтін шаруа.
- Ал жалпы ел бойынша дайындық деңгейі қандай? Қай жерлердің отын-энергетика жүйесі мен желісіне күрделі жөндеу жүргізілді? Екінші мәселе – отын қоры жеткілікті әзірленді ме? Сақылдаған сары аязда болған апаттарды санамаламай-ақ қоялық, онсыз да есте, атқарушы билік ондай болмайтындай қамданып жатыр ма? Амангелді Сейітханның сараптамасы.
- Қыс жақындап қалды. Сондықтан жылуға жауапты мамандар үшін шешуші кезең басталды. Қазір бір жерде қазандықтар жөнделіп жатса, бір жерде жылу желілері ауыстырылып жатыр. Басты сұрақ – күн суығанша олар үлгере ме? Өйткені биыл күз салқыны ерте сезілді. Мысалы, Павлодар облысында жылыту маусымы 14-қыркүйекте басталып кетті. Әдетте солтүстік өңірлерде қазан айында басталатын.
- Айта кету керек, биыл Павлодар облысы жылу желілерін ең көп жаңартқан аймақ. Өңірдегі үш қалада, яғни Павлодар, Ақсу, Екібастұзда 49 шақырым желі жаңартылған. Бұл осыдан 4 жыл бұрынғы көрсеткіштен 4 есе жоғары. Естеріңізде болса, 4 жыл бұрын Екібастұз қаласы қыс ортасында қақаған аязда жылусыз қалған еді.
- Әділ Әділбеков, «Көмек» КМ басшысы:
- Әбден тозып кеткен жылу желілерін ауыстырып, оның орнына диаметрі үлкен құбырлар салдық. Биыл қазандықтарды жөндеп, шіріген желілерді ауыстыруға жылдағыдан көп ақша бөлінді. Сондықтан алдағы қыс қорқынышты емес, былтыр қиын болған.
- Демек, жауаптылар бұрынғыдан сабақ алған сияқты. Бірақ мұндай жақсы көрсеткіш барлық өңірде емес. Мысалы, Ақмола облысының «Көкшетау Жылу» кәсіпорны биылғы маусымды шектеулі режимде бастамақ. Өйткені шаһарды жылумен қамтып отырған екі қазандықтағы 6 агрегаттың бесеуі ғана қосылмақ. Коммуналдық кәсіпорын басшылығы 5 агрегаттың қуаты да күз айында қаланы жылумен қамтуға жетеді деп отыр.
- Ержігіт Түнғатаров, «Көкшетау Жылу» КК бас директорының орынбасары:
- Себебі біз нөмірі бірінші аудандық қазандықта жылыту маусымы басталады және ауа райының төмендеуіне байланысты екінші аудандық қазандықтың нөмірі сегізінші, оныншы жылыту қазандықтары іске қосылады.
- Осылайша, әр өңірдегі жағдай әр түрлі.
- Ал Энергетика министрінің есебінше, республикалық жылу желілерінің дайындығы қазір 97 пайыз. Биыл жалпы 377 шақырым желіні жөндеу жоспарланған, соның 366 шақырымы жөнделген.
- Иә сырттай бұл жақсы көрсеткіш секілді. Бірақ осы 11 шақырымның өзі уақытында ауыстырылмаса, ол да үлкен мәселе болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет басшысы министрлер мен әкімдерге ескерту жасады.
- Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Энергия көздерін жөндеу мерзімін ұзарту жағдайлары әлі де жалғасуда. Бұл орындаушылық тәртіптің төмендігі мен уақытында қабылданбағанын көрсетеді. Энергетика министрлігіне әрбір осындай факт бойынша әкімшілік шара қабылдауды тапсырамын. Жөндеу науқанының мерзімін бұзған немесе оны созып жүрген басшылардың жауапкершілігін де қарау қажет.
- Өйткені биыл жылыту маусымына дайындық жұмыстарына жылдағыдан көп қаржы бөлінген.
- Мысалы, жалпы энергия нысандарын жөндеуге және жаңғыртуға 851 млрд теңге көзделген. Бұл өткен жылғыдан 60 пайызға көп. Соның ішінде жылу желілерін жаңарту мен жөндеуге 196,8 млрд теңге бағытталған. Былтыр 129 млрд болған. Ал электр станцияларын реконструкциялауға 384 миллиард теңге қарастырылған. Былтыр 348 млрд бөлінген.
- Сондықтан мемлекет жауапты мекемелерден жылыту маусымын жақсы өткізуді талап етіп отыр. Ол талап энергетикалық нысандарды және жеке үйлерді отынмен қамтуға да қатысты. Әйтпесе, халықтың қыс басталғанда көмір таппай қалтырап қалатын жағдайлары жылда болады. Биыл халық пен коммуналдық сектордың көмірге қажеттілігі 7,3 миллион тонна. Бұл жылдағыдан аз, себебі бірнеше ауыл көгілдір отынға қосылған. Ресми дерек бойынша, қазір энергия көздерінде 4,9 миллион тонна көмір қоры бар.
- Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Өңірлерді қатты отын қажеттілігімен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында министрлік жасанды интеллект және придиктивті талдау элементтерін енгізіп, бірыңғай цифрлық платформа әзірледі. Жүйеге 36 көмір өндіруші кәсіпорынның деректері, 29 мың темір жол тасымалдары, 586 көмір тұйығы көмір операторының қызметі туралы мәліметтер біріктірілген.
- Бұл халыққа көмірдің өндірістен тұйықтарға жеткізілгенге дейінгі жолын толық бақылауға мүмкіндік береді. Көмірден бөлек, қажетті нысандар мазутпен 88 пайызға, дизель отынымен 100 пайызға қамтылған. Осылайша, жауаптылар қысқа дайын екенін мәлімдеді. Бірақ оның қаншалықты екенін қыс көрсетеді. Өйткені елдегі жылу желілерінің жартысы тозып тұр. Электр желілерінің 66 пайызы ескірген. Олар кез келген уақытта сыр беруі мүмкін. Үкімет саланы инвестиция арқылы жаңғыртуды көздейді. Ал инвесторларды қорқытатын бір фактор берешектің көптігі, - дейді.
- Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Бүгінгі таңда заңды және жеке тұлғалардың коммуналдық қызметтер бойынша дебиторлық берешегі шамамен 19 млрд теңгені құрайды. Дебиторлық берешектің жоғары болуы табиғи монополиялар субьектілеріне бекітілген инвестиция бағдарламасын толық іске асыруға мүмкіндік бермейді.
- Иә уақытылы төленбеген әр теңге желіні жөндеу, қазандықты жаңарту жұмыстарын кешіктіруі мүмкін. Бірақ халық та төлеген ақшасына сай сапалы қызмет алғысы келеді. Ал жылуға қатысты мәселелер жылда болып жатады. Биылғы қыстың қалай өтетінін уақыт көрсетеді. Анығы, қыс қалай өтетіні ауа райына ғана емес, жасалған жұмыстың сапасына да байланысты. Тіпті бірінші фактор сол.
Автор
Аманкелді Сейтхан
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
«Пайым, қоғам, мінез»
27.09.2026, 20:45
«Тұрғын үйді міндетті сақтандыру»: Талаптары қандай?
27.09.2026, 20:25
Халық кеңесінің міндеті қандай?
27.09.2026, 20:10
Ауыл дәрігерлері 600 науқасқа жүрек отасын жасаған
27.09.2026, 17:16
Ұлытауда бір күнде 4 теміржол вокзалы пайдалануға берілді
26.09.2026, 20:13
Еңбек күні қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов «Еңбек – ел мұраты» іс-шарасына қатысты
26.09.2026, 13:18
Маңғыстауда қаза болған әскери қызметшілермен қоштасу рәсімі өтті
26.09.2026, 12:53
Спортшылар 5 медаль жеңіп алды
25.09.2026, 20:35