Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында еліміздің бір топ сенаторлары Үкімет басшысына сауал жолдап, онда ресейлік саясаткер Владимир Жириновскийді Қазақстанға кіргізбеуді және еліміздің ақпараттық кеңістігін арандатқыш мәлімдемелерден қорғауды сұрады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Сауалды отырыс барысында сенатор Орынбай Рахманбердиев жариялаған.
Депутаттың айтуынша, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Владимир Жириновскийдің 23 ақпанда айтқан сөзі қазақстандық қоғамда аса жағымсыз реакция тудырды.
«Оның «Орталықазиялық федералдық округ» туралы сөзін Қазақстан мен басқа да Орталық Азиядағы мемлекеттердің егемендігіне, тәуелсіздігіне, оның аумақтық тұтастығына қол сұғушылық деп түсінуге болады. Саясаткердің мұндай мәлімдемесі Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық сипаттағы ынтымақтастығына қайшы және бұл - халықаралық құқыққа негіз қалайтын нормалар мен принциптерге мүлдем кереғар. Ал мұндай әңгіменің Қазақстан аумағында таралатын «Ресей-24» телеарнасынан тікелей эфирде берілуі жұртшылықты алаңдатып отыр. Сондықтан да, қазақстандықтар телеарнаның позициясын Ресей тарапының ресми ұстанымы ретінде қабылдауы да әбден мүмкін», - деді Орынбай Рахманбердиев.
Сенатордың айтуынша, Қазақстанға қатысты бірнеше мәрте мәлімдеме жасаған Жириновскийдің сөзі екі көршілес мемлекеттің стратегиялық ынтымақтастығына сызат түсіріп қана қоймай, Ресейдің өзінің халықаралық позициясына да селкеу түсіреді. «Ал мұндай мәлімдемелердің қайталануы Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық прогреске де жағымсыз қоғамдық пікір қалыптастырады», - деді Орынбай Рахманбердиев.
Сауалға бірқатар палата депутаттары қолдап, қол қойған.