Бүгін қазақ халқы ақын, Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованы соңғы сапарға шығарып салады. Даңқты ақынмен қоштасу Астана қаласындағы Көрме орталығында сағат 10:00-ға белгіленген.
Алаштың аяулысы Фариза Оңғарсынова қаңтардың 23 күні 75-ке қараған шағында дүние салды.
Ақынның соңында өлмес сөзі қалды. Әлі талай ұрпақ жатқа айтар жыры қалды. Алғашқы өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1958 жылы жарық көрді. «Сандуғаш», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын» деген өлеңдері жырсүйер қауымның жүрегінен ойып тұрып орын алды.
Ақиық ақын Мұқағали «Фариза қыз...», деп өлеңге қосты. Соңынан ерген ізбасарлары «Фариза апа», деп ән арнады. Ақын қыздың есімі көзі тірісінде-ақ, осылайша, аңызға айналды.
Поэзия падишасының жарқын бейнесі мен жауһар жырлары халықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Жасындай жарқыраған жыр-ғұмырдың иесін Алаш жұрты ешқашан ұмытпақ емес. Күллі қазақ Фаризасын күңірене жоқтауда...