Желілерді жаңартуға 13 триллион теңге бөлінеді
Үкімет тозған желілерді жаппай жаңартып жатыр. Бүгін министрлер кабинеті Ұлттық жобаны талқылады. Жоспар қандай қадамдарды қамтиды?
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Елде жылу желілерінің 50%-ы тозған. Электр желілерінің 66%-ы ескірген. Оларды жаңарту үшін Энергетика министрлігі Ұлттық жоспар жасақтады. Бұған 13 триллион теңге бөлінеді.
Асан Дарбаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
Оның ішінде коммуналдық секторға – 6,8 трлн теңгені және энергетика секторына – 6,2 трлн теңгені құрайды. Нәтижесінде желілік инфрақұрылымның тозуы ел бойынша орташа есеппен 40%-ға дейін қысқарады деп күтілуде.
Алдағы үш жылда 12 мың шақырым инженерлік желі жаңарады. Жөндеу жұмыстарына әкімдер тікелей жауапты. Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді. Атқарушы билік екі апта ішінде жыл соңына іске асатын жобалардың тізімін тапсырады.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
Сумен жабдықтау және су бұру саласында жалпы құны 2 млрд теңгеге 2 жоба іске асырылады. Аталған жобалар бойынша конкурстық рәсімдер 5 маусымнан басталған. Алайда 14 маусымда прокуратура ұсынысы негізінде 23 шілдеде конкурс қорытындылары жойылды.
Бұл баяндамаға Үкімет басшысының көңілі толмады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Сізді тыңдасақ, сізден басқа бәрі кінәлі. Жұмыстарды тездетіңіздер. Құрылыс, Энергетика, Ұлттық экономика министрлігімен бірге жыл соңына дейін барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының аяқталуын қамтамасыз етіңіздер.
6 трлн теңгеге тозығы жеткен электр станцияларының орнына жаңасы салынады. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жоспар ойдағыдай іске асса, келесі жылы елде энергия тапшылығы болмайды.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
Жамбыл МАЭС-інде жалпы қуаты 210 мегават болатын 5 газ турбиналық қондырғыны іске қосу жоспарланған. Аталған қуаттарды іске қосу 2027 жылдан бастап экономиканың электр қуатына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Ұлттық жоба аясында отандық өнеркәсіпті қолдауға да ден қойылмақ: коммуналдық секторды жаңартуға қажет жабдықтың барлығы дерлік отандық өнім. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардан бөлек, 27 жаңа өндіріс орны ашылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы