Басты Жаңалықтар Әлеуметтік желі арқылы заңсыз контент таратқан 9 стример жауапқа тартылды

Әлеуметтік желі арқылы заңсыз контент таратқан 9 стример жауапқа тартылды

Хайп қуамын деп, айып жасамаңыз. Әлеуметтік желі арқылы заңсыз контент таратқан 9 стример жауапқа тартылды. Олар лайк, қаралым мен донат жинау үшін балағат сөз айтып, қауіпті пранк ұйымдастырған. Ойына не келсе, соны істеп, әдепсіз әрекетімен қоғамдық тәртіпті бұзатындарға қандай жаза қарастырылған?

Қазір кез келген әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, осындай видеоларға тап боласыз. Бұл мыңдаған қаралым мен лүпіл жинаудың оңай жолына айналған. Дегенмен әрбір азамат өз ісіне, айтқан сөзіне абай болуы тиіс, керек болса, жауап беруі шарт. Заңда солай жазылған.

Мұхаммедияр Дүйсенғали, заңгер:

Стример қоғамдық тәртіпті бұзып, былапыт сөз айтып, адамдарды қорлап немесе қоғамға құрметсіздік танытып жатса, бұл әкімшілік жауапкершілікке алып келуі мүмкін. Бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, яғни ұсақ бұзақылық. Егер де бұл араздықты қоздыру немесе кәмелетке толмағандардың ар-намысына қол сұғу болса, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін.

Иә, ережені елемей, заңды белшесінен басқандар жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік желі арқылы заңсыз контент таратқан 9 стример жазаға тартылған. Олар лайк, қаралым мен донат жинау үшін балағат сөз айтып, қауіпті пранктар ұйымдастырған. Сондай-ақ әдепсіз әрекет жасап, қоғамдық тәртіпті бұзған. Сот шешімімен олардың кейбіріне айыппұл салынса, енді бірі қамауға алынды. Тиісті органның бұл қадамын халық құптап отыр.

Ішкі істер министрлігінің өкілдері хайп қуып, танымалдыққа ие болғысы келгендерге заңға қайшы әрекет жасамауға кеңес береді. Өйткені ғаламторға жалған аккаунтпен тіркеліп, лақап атпен отыратындардың өзін тауып алады.

Шыңғыс Алекешев, ҚР ІІМ ресми өкілі:

Анонимді аккаунттың немесе телефон экранының ар жағында жасырынып қаламын деп ойламаңыздар. Ішкі істер министрлігінде кез келген құқық бұзушының жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін барлық қажетті құралдар бар. Осындай әрбір құқық бұзушылық анықталады. Әрбір құқық бұзушы заңға сәйкес жауапқа тартылады. Алдағы уақытта да құқық бұзушылардың есімдерін тек алдын алу және профилактикалық мақсатта жариялап, көрсетеміз.

Хайптың ғұмыры қысқа, ал заңның талабы бәріне ортақ. Танымалдылыққа жетудің басқа жолдары жетерлік. Ең бастысы әлеуметтік желі – жауапкершіліктен тыс кеңістік емес екенін түсінген абзал.

Бөлісу