Елімізде 76 адам көбелек синдромына шалдыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 76 адам көбелек синдромына шалдыққан

30.05.2019

Елімізде буллезды эпидермолиз, яғни көбелек синдромына шалдыққан 76 науқас бар. Оның 56-сы - бала. Буллезды эпидермолиз - өте сирек кездесетін тері ауруы. Аталмыш дерті бар адамның терісі көбелектің қанаты сынды жұп-жұқа, нәзік болады.

Тіпті осы диагнозы бар жаңа туған сәбидің терісіне қол тигізудің өзі қиын. Бұл балалар көбіне үйден шықпай өмір сүреді. Себебі жұқа тері жоғары температураны көтермейді. Құлап қалып, жарақат алу да, денесін жырып кету де олар үшін қауіпті. Тиген бетте тері үгіліп кетеді.

«Көбелек балалар» қайырымдылық қоры ауыр дертке тап болғандардың мәселесін елордада басталған дерматология, косметология және эстетикалық медицинаның VI Еуразиялық конгресінде көтерді. Қор өкілдері буллезды эпидермолизге шалдыққандарды қоғамға қосу үшін күш салу керектігін айтады. Тұқым қуалайтын аурудың нақты емі жоқ. Тек науқастың жарасын күнделікті таңып отыру керек. Ал ең бастысы, осы дертті толық білетін мамандар қажет.

Сұлтан Аллаберген, «Көбелек балалар» қайырымдылық қорының директоры:

- Мақсатымыз - болашақта генді дерматоз бөлімшесін ашу.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу