Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елордадағы орталық клиникалық госпитальге барып, ардагерлерді құттықтады.
70 орындық медициналық мекемеде ІІ Дүниежүзілік соғыс ардагерлері, Ауған, Чернобыль соғысына қатысқандар және тыл еңбеккерлері мен Семей полигонының зардабын тартқан азаматтар емделеді. Олар еліміздің түкпір-түкпірінен жылына бір рет квотамен келуге құқылы. Ақмола кезден бар ғимарат ескі болғанымен, онда денсаулықты күту үшін барлық жағдай жасалған. Министр емделушілердің әрқайсысымен әңгімелесіп, хал-жағдайымен танысты.
94 жастағы Айдархан атаның орны ерек. 17 жасында соғысқа аттанған ол Мәскеу мен Литва түбегінде шайқасыпты. Кеңес Одағының батыры, даңқты жауынгер әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының дивизиясында болғанын мақтанышпен жеткізеді.
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ