ШҚО-да жедел жәрдемді негізсіз шақыртатындар көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да жедел жәрдемді негізсіз шақыртатындар көп

23.04.2019

Шығыс Қазақстанның кейбір тұрғындары жедел жәрдемді тым жиі шақырады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының осы өңірдегі мамандары мәлімдеді. Аталған қордың қызметкерлері өңірдегі медициналық мекемелердің қызмет сапасын тексеріп, бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Науқасты емханаға негізсіз жатқызып, медициналық  құжаттар дұрыс толтырылмағаны үшін 70 миллион теңгеге жуық айыппұл да салған.

Осыдан екі жыл бұрын Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен еліміздегі жедел жәрдем қызметінде бірқатар өзгеріс болды. Шақыртулар 4 санатқа бөлініп, 1-3-ші категорияларға жедел жәрдем қызмет етеді деп белгіленген. Бұл үшін биыл Шығыс Қазақстан облысында 3 миллиард 800 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы қалыпты жұмыс істеуге жеткілікті.  Алайда, аймақта кейбір тұрғындар жедел жәрдем көлігін жылына 200-300 рет шақырады екен. 

Болат Алиев «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ облыстық филиалының директоры:

- Қазір тариф бойынша бір рет дәрігерді шақыру - 3200 теңге, фельдшерді шақыру - 2900 теңге. Егер 100 рет фельдшер шақырса, 290 мың, дәрігерді шақырса - 320 мың теңге. Ол енді көп қаржы ғой. Бірақ, барлық уақытта шақырудың қажеті бар ма, жоқ па? Сондықтан осы бұйрықта, осындай созылмалы дерті бар аурулардың барлығын 4-ші санатқа кіргізіп, оларды алғашқы санитарлық медициналық көмек көрсетуге, яғни емханаларға берілді.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу