Эпилепсия — емделетін ауру - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эпилепсия — емделетін ауру

19.04.2019

Қазақстанда эпилепсия ауруы азаймай отыр. Бас мидың созылмалы сырқатына елімізде 60 мыңнан аса адам шалдыққан. Және олардың басым бөлігі – балалар. Бірақ ұзақ уақыт бойы шипасы жоқ ауру саналған бұл дертті емдеуде отандық медицина жақсы нәтижеге қол жеткізді. Елордадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында емделген науқастардың біразы бұл аурудан құлан-таза айығып шыққан.

Дана емханаға бұл жолы өз аяғымен келді. Осыдан 1,5 жыл бұрын аяғын баспақ түгілі, қозғалта да алмайтын еді. Туғанынан талма ауруына шалдыққан Дананың дерті дендеп, қол-аяғы жансызданып, сұлқ жатқан. Талып қала береді. Тіпті күніне 60 ретке дейін қайталанған. Қазір ол - эпилепсияның ең ауыр түрін жеңген бүлдіршін. Осы орталық мамандарының себебімен.

Роза Шкуеева, Дананың анасы:

- Осында келгенде жағдайы өте ауыр болатын. 1,5 жасына дейін басынан басқа мүшесі мүлдем қозғалмады. Орталықта қызыма операция жасады. Содан кейін үлкен нәтижелерге қол жеткіздік. 2 жасында еңбектеді, 2-ден аса тәй-тәй басты. Қазір сөйлеп жүр.

Ал, Айман ауыр дертпен 26 жыл күресті. Талықсып, денесі құрысып-тырысып қала беретін қызының дертіне ем іздеп анасының бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Еститіні - эпилепсия емделмейді. Алайда, ананың үміті алдамады. Осыдан 3 жыл бұрын Айманның басына операция жасалды. Дертінен айықты. Содан бері бойжеткеннің екінші өмірі басталды.

Жәмилә Әбілқайырова, Алматы қаласының тұрғыны:

- 26 жыл бойы алыстым баламен. Апармаған жерім жоқ. Шын жүрегіммен, жан жүрегіммен рақмет айтамын.

Айман Жұматаева:

- Жағдайым жақсы. Кіші кезімде ауырып құлап қала беретін едім. Операциядан кейін жақсы болдым.

Эпилепсия – мидың созылмалы дерті. Ми қызметі бұзылғандықтан құрысу ұстамалары қайталана береді. Бұл кеселмен қазір елімізде 60 мыңға жуық адам күресіп жүр. Оның 70 пайызға жуығы - бала. Халық арасында «Қояншық» аталып кеткен сырқаттың бұрын мүлдем емі жоқ-тын. Қазір қазақ медицинасы қауіпті дерттің алдында дәрменсіз емес. Елордадағы нейрохирургиялық орталық 2011 жылдан бері операция жасап келеді. Осы аралықта 70-тен астам науқас кеселден құлан таза айықты.

Әзірге эпилепсия дертіне операция жасайтын жалғыз орталық - осы. Үзіліп бара жатқан талай жанның үмітін жағып, күдігін жойып жатыр. Эпилепсия - дауасыз дерт емес, үкім де емес, емделетін, емдеуге болатын ауру. Тек асқындырып алмай, дәрігерге уақытында қаралған жөн.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу