Маусым айынан бастап дәрі-дәрмек бағасы барлық дәріханаларда бірдей болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маусым айынан бастап дәрі-дәрмек бағасы барлық дәріханаларда бірдей болады

08.04.2019

Бұл туралы баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің төрайымы айтты. Препараттардың құнын реттеу бойынша заң нормасы 9 сәуірде күшіне енеді. Бағасы мамыр айында бекітіледі. Содан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайттарына орналастырылады. Фармация комитеті мамандарының сөзінше, науқастарды алаяқтықтан қорғау үшін препараттардың қанша тұратыны көрсетілген мобильдік қосымша да шығарылған. Оны ғаламтордан жүктеп алуға болады.

Людмила Бұйрабекова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрайымы:

- Денсаулық сақтау министрлігінің барлық дәрі-дәрмектерге бағаны реттеу құзіретін беретін ҚР заңының нормасы күшіне енетіндігін айтқым келеді. Бүгінде «Атамекен» ҰКП және бейінді қауымдастықтармен нарықпен келісілген көтерме әрі бөлшек үстеме бағалардың жүйесі әзірленді. Ереже бекітілу үшін Әділет министрлігіне жіберілді. Ол жарық көргеннен кейін шекті көтерме және бөлшек баға беру жұмыстары жүргізіліп, министрліктің қолдауымен бұл мәселе жүйеге келтірілетін болады.

Қазақстанның 11 өңірінде науқастар өздеріне тиісті препараттарды алмаған. Атап айтсақ, 2016-2017 жылдары құны 4,3 миллиард теңге болатын дәрі-дәрмек пайдаланылмай қалғаны анықталған. Дегенмен, бірыңғай ақпараттық жүйеде емдік препараттар науқастарға берілгені көрсетіліпті. Мониторингтік топтың осы мәліметі Бас Прокуратураға жіберілді. Тексеру нәтижесі бойынша 20-дан аса қылмыстық іс қозғалған. Алайда министрлік өкілдері биыл мұндай олқылықтарға жол бермейтінін айтып отыр.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу