Елордалық студенттер ұтымды Startup жобаларын ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық студенттер ұтымды Startup жобаларын ұсынды

04.04.2019

Қажет донорды дер кезінде табу немесе гинеколог маманнан онлайн консультация алу. Тағы басқа мобильді қосымшалар мен тың инновациялық жобалар. Бүгін елордада медициналық оқу орындарының студенттері арасындағы республикалық байқау - Хакатон басталды. Үздік деп танылған жобаларға министрлік қаржылай қолдау көрсетпек.

Әлия Тұрарбекова - студент. Жалпы медицина курсында оқып жүр. Келесі жылы гинеколог дәрігер мамандығына қарай бейімделмекші. Woman plus деп аталатын мобильді қосымша ойлап тапқан. Бұл - стартап идеялар байқауындағы елу жобаның біреуі ғана.

Әлия Тұрарбекова, Астана медицина университетінің студенті:

- Қосымшада дәлелденген медициналық ақпараттарды енгіземіз. Жүкті әйелдер онда өздерінің күнтізбесін жүргізе алады.

Айман да - студент. Ол трансфузиология, яғни донорлық мәселесіне маманданған. Ол жобасын «Донор-MAN» атапты. Мобильді қосымша арқылы кез келген уақытта қажетті қан тобы бар донорларды табуға болады. Push-хабарлама жіберіп, қан орталығына қандай топтағы донорлар керек екендігі туралы ақпаратты жинайды.

Айман Дакеева, Астана медицина университетінің студенті:

- Біз бұл мобильді қосымшаның мүмкіндіктері туралы Ақмола мен Қарағанды облыстарының қан орталықтарымен сөйлестік. Олар бізді қолдауға дайын. Қосымша донор мен қан орталығының аралығындағы онлайн байланыс құралы болады. Яғни, қан қажет болғанда донорлардың жеке кабинеттеріне хабарлама келеді.

Стартап жобалардың сайысына барлық өңірден командалар қатысуда. Қоғамға қажет деген үздік жобаларға Денсаулық сақтау министрлігінің цифрлық кеңсесі мен ЮНИСЕФ балаларды қорғау қоры 500 мың теңгеден қаржылай жүлде береді.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу