Алматыда бауырға күрделі операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда бауырға күрделі операция жасалды

28.03.2019

Алматыда Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында бауырға ең күрделі операция жасалды. Мұның бұған дейінгі жасалған оталардан өзгешелігі дәрігерлер науқасқа екі донордың бауырын біріктіріп салған. 

Жалпы, мұндай трансплантация жасау ісі әлемде алты мемлекетте ғана бар. Олар Қазақстан, Түркия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Тайван. Ал, Америка Құрама Штаттарында тек дүниеден озған мәйіттің бауырын донор ретінде рецепиентке салады. Мегаполисте отадан кейін қатарға қосылған Нүркен Сейтқұловпен тілші Нұрлан Асқарұлы сұхбаттасып келді.  

Бауыры ауырып шарасыз халге түскен Нүркен Сейітқұловтың әкесі жағынан туысқандары көп болмағанымен, анасы жағынан ағайынды 9 қыздан 54 бөлесі бар. Бауыры сыр беріп ауруға шалдыққанда сол туыстары түгел тексеруден өтіпті. Осылайша, 37 жастағы азаматқа нағашы ағасы Мадияр Оспан мен бөлесі Оразбек Өдекейдің қан құрамы сәйкес келген. 

Нүркен Сейтқұлов, рецепиент:

Бірінші Алла, екінші осы кісілердің арқасы. Бөлем мен нағашыма не деймін. Рахметімнен басқа ешнәрсе жоқ. 

Көпбалалы отбасында өскен жігіттердің бұл әрекеттері шын жанашырлықтан туып отыр. Енді олар бауырларының тез сауығып кетуін тілейді.

Оразбек Өдекей, донор:

Осындай оқыған кісілер көбейе берсін. Алғысымыз шексіз. Рахмет. Ағамыз жанымызда отыр. Бұл кісінің үш баласы бар. Мен өкінбеймін ешуақытта да. Мысалы, үш баласы өмірі алда, бұл кісінің әйелі бар. Мен дайын болдым. Өзім үйдегілермен ақылдастым. Анама да айттым.

Жақынына көмектескен донор зардап шекпесе, операция сәтті аяқталды деген сөз. Ал, Өркенге бауырын бөліп берген Мадияр мен Оразбектің қазір хал-жағдайлары жақсы, дейді дәрігерлер.

Болатбек Баймаханов, А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы:

Екі донордан алып бір ауруға екеуін қосып біреуінің оң жағын, екіншісінің сол жағын алдық. Әрине, өте қиын операция, 20 сағатқа жуық уақыт жүретін операция.  Бірақ, жалпы ең негізге принцип ол донорға зиян келмеуі осы жерде сақталынады.

Осы уақытқа дейін елімізде бауыр трансплантациясы бойынша 250 операция жасалған. 130-ы Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында іске асты. Олардың 23-і бала. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ                       

Хабарламаларға жазылу