Қарағандыдағы балабақша тәрбиешісінен туберкулездің ашық түрі анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыдағы балабақша тәрбиешісінен туберкулездің ашық түрі анықталды

16.01.2019

Қызметкердің ауруға шалдыққаны 2018 жылдың 19 желтоқсанында белгілі болған. Ал, ата-аналарға бұл туралы жуырда ғана айтылған. Балаларының денсаулығы үшін алаңдаған жұрт бұған мекеме басшылығын кінәлайды.

Балабақша тәрбиешісінің туберкулезбен ауыратыны жөнінде ата-аналарға кеше ғана айтылған. Топта 30 бала бар. Ал, балабақшада 480 бүлдіршін тәрбиеленуде. «Манту сынамалары балалардың бәріне бірдей жасалмады, мекеме карантинге жабылған жоқ», деп ата-аналар алаңдаулы.

Виктория Ким, ата-ана:

- Біз осы балабақшаға келіп тұратындықтан, көңілге аламыз. Ал, балаларымыз осында үнемі жүрді. Неге ескертпеген?

Балабақша басшылығы оқу жылының басында барлық қызметкерлер міндетті түрде медициналық тексерістен өтетінін және ол кезде тәрбиешіден туберкулез белгілері анықталмағанын алға тартты. Қызметкер желтоқсан айында аяқ астынан ауырып, демалысқа шыққан. Жағдай бегілі болған соң, мамандар бірден балабақшаға келіп, тәрбиешінің тобын қараған. Бүлдіршіндерден туберкулез белгілері анықталмаған.

Ардақ Сыздықова, балабақша меңгерушісі:

- 26 желтоқсаннан бастап бізде аурудың алдын алу жұмыстары жүргізілді. Нақты сол тәрбиеші болған топта дезинфекция жүргізілді. Балалар манту алды.

Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері «жағдай о бастан бақылауымызда, сондықтан, байбалам салудың қажеті жоқ», дейді. Мамандар науқастың отбасы мүшелерін де қарап, басқаларының дені сау екенін анықтаған.

Қалдыбек Исмаилов, облыстық Туберкулезге қарсы диспансердің директоры:

- Ол бірінші рет тексерілген уақытта қақырық анализінен кох таяқшалары табылмаған. Арнайы Туберкулезге қарсы диспансерге жіберіп, тексерістен өткізіп, осы диагнозды қойып отырмыз.

Мамандар науқастың диагнозын талап бойынша ата-аналарға жария етпеген. Тәрбиешінің дертке шалдыққаны туралы ақпаратты аурухана қызметкерлерінің бірі әлеуметтік желіде таратып жіберген. Қазір осы оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүріп жатыр. Егер осы дерек расталса, кінәлі азамат тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу