Атырауда екпе салдырмаған балалар түрлі дертке шалдығуда. Былтыр 1 жасқа толмаған екі сәби туберкулез жұқтырған. Сондай-ақ, қызылшамен ауырған бүлдіршіндер де бар. Ресми дерек бойынша, дәрілік препаратқа қарсылық танытатындардың 70 пайызы - түрлі діни ағымды ұстанушылар. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, осы уақытқа дейін 200-ге жуық адам райынан қайтқан.
Сембаевтар әулеті балаларына екпе ектіруге түбегейлі қарсы. 5 айлық Азизаға да вакцина салдырмаған. Ата-анасының пікірінше, иммунитеті әлсіз балаға дәрі еккен дұрыс емес.
Әсет Сембаев, қала тұрғыны:
- Бізге салыңдар деп ұсынды. Бірақ, біз оны әзірге салдырмай отырмыз. Туыстарымыз, ағайындарымыз да балаларына салдырмай жүр.
Былтыр өңірде 16 мыңнан астам адамға екпе салынған. Бүгінде 800-ге жуық тұрғын дәрілік препараттан бас тартып отыр. Мамандардың айтуынша, олардың көбі – белгілі бір діни ұстанымдағы жандар.
Нұрбол Хаванұлы, «Шапағат» Деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық қорының теологы:
- Кейбір бағытты ұстанушылар мүмкін мұны дінмен байланыстырып жатқан шығар. Бірақ, дінмен байланыстыруға ешқандай негізі жоқ. Дәстүрлі дінімізді ұстанған бауырларымыз бұл екпеге түбегейлі қарсы емес. Бірақ, адамның өзінің жеке ұстанымы, пікірі болуы мүмкін.
Дәрігерлер «екпеден бас тарту негізсіз», дейді. Өйткені, соның салдарынан сәбилер түрлі ауруға шалдығуда. Нақтырақ айтсақ, өткен жылы 2 бала туберкулезбен науқастанған. Ал, 6 бала қызылшамен ауырған.
Мәншүк Аймұрзиева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Екпе алмаған балалар ауырып қалып жатыр. Туберкулез, корь инфекциясы бар. Екпеден бас тарту мәселесі халық арасында қалып отыр. Осы жағдайды халыққа түсіндіру мақсатында басқа секторларды қосып, имамдардың арасында әңгімелесу жүргізіліп жатыр.
Өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінде барынша тұрғындарға екпенің тиімділігі туралы мағұлмат берілуде. Мамандар жүйелі ағарту жұмыстарының арқасында екпе егу көрсеткішін 95 пайызға жеткізуді көздеп отыр.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.