ШҚО-да тұрғындар облыстық тері-венерологиялық диспансерді жөндеуден өткізуді талап етуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да тұрғындар облыстық тері-венерологиялық диспансерді жөндеуден өткізуді талап етуде

08.01.2019

Соңғы күндері еліміздің түрлі өңірлеріндегі ауруханалардағы жағдайға көңілдері толмайтынын айтқан азаматтардың шағымдары көбейе түсті. Бір азамат бүгін ғана «Астанадағы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының палаталары суық, терезелерден жел ұрып тұр» десе, Өскеменде науқастар облыстық тері-венерологиялық диспансерді жөндеуден өткізуді талап етуде. Бірнеше жыл бұрын бұл мекемені басқа жерге көшіру мәселесі көтерілгенімен, іс аяқсыз қалған. «Қазірде қабырғалары көгеріп, жиһазы әбден ескірген ғимарат санитарлық талаптарға мүлдем сай келмейді», дейді тұрғындар.

Берік Көшербай, тілші:

Күніне жүздеген адам келіп-кететін облыстық диспансердің жағдайы мәз емес екені кіреберісінен-ақ байқалады. Мысалы, мына терезені айтуға болады. Әдетте, шыны болмай қалған жағдайда, полиэтилен пленкасын қолданатын, бұл жерде ол да жоқ. Міне, кәдімгі рубероидпен, қазақша айтқанда қара қағазбен қаптап қойған.

3 қабатты ғимараттың облыстық тері-венерологиялық диспансерге берілгеніне ширек ғасыр болған. Содан бері бірде-бір рет жөндеу жүргізілмеген. 10 жыл бұрын шатыры жаңаланып, пластик терезелер қойылған. Басқа жыртық-жамауына жеңіл-желпі сылақ жұмыстарынан асып, жөндеу жасалған жоқ.

Клара Нұртазаева, қала тұрғыны:

- Өте ескі ғимарат. Жағдайы онша емес. Қайнаған су жоқ. Балаларға әкелген тамағымызды қайда жылытып беретінімізді білмейміз.

Жоспарлы жөндеу жұмыстарына жыл сайын, шамамен, 2-3 миллион теңге бөлініп келген. Ал, 2 жыл бұрын балабақша ғимаратында орналасқан диспансерді басқа жерге көшіру мәселесі көтерілді. Бірақ, мәселе сол қалпы шешілмеді.

Рысбике Жаманбалинова, облыстық тері-венерологиялық диспансердің бас дәрігері:

- Уақытша мына ғимаратта қалдырып қойды. Жөндеу жұмыстарын жүргізбедік. Бірақ, күзде, уақыт өтіп бара жатқан соң, өзіміз 1,5 миллионға жөндеу жүргіздік.

Бұл мекемеде жылына мыңнан астам адам ем қабылдайды. Ашынғанынан науқастар аурухананың сұрқайы күйін әлеуметтік желіге салып жіберген. Көпшіліктің наразылығын ескерген бас дәрігер биыл жөндеуге 8 миллион теңге қаржы сұрамақ.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу