Отандық медицинадағы биылғы жетістіктер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық медицинадағы биылғы жетістіктер

26.12.2018

2018 жыл медицина саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізумен есте қалды. Жаңа жүйе бойынша емханалар мен жұмыс беруші арасындағы бірлескен жұмыс біртіндеп жүзеге асып жатыр. Бұдан бөлек, аталмыш сала үшін бөлінетін қаржы көлемі артты. Соның арқасында ірі республикалық деңгейдегі мекемелерде болатын құрылғылар ауылдарға да жетті. Сәйкесінше, жалпы халықтың денсаулығы біршама жақсарды. Күрделі операциялар жасалып, мыңдаған науқас аяғына тік тұрды.

Алты айлық Каринаға екі апта бұрын күрделі операция жасалды. Басына шамадан тыс сұйықтық жиналыпты. Дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында қазір сәбидің жағдайы түзелді. Биыл Нейрохирургия орталығының дәрігерлері дәл осы операция арқылы көптеген баланың өміріне араша болды.      

Жұлдызай Атабаева, Қостанай облысының тұрғыны:

- Қызымды уақытынан бұрын босандым. Шала туылды. Оған мына дерт қосылған соң өте әлсіз болды. Тамақты жақсы жегенмен, қозғалысы аз болатын. Басы да үлкен болды. Операциядан кейін жағдайымыз жақсы.

Соңғы кездері балалардың арасында бастағы ісік, жұлын ісіктері көбейіпті. Қан тамырларының патологоиясы да бар. Сол себепті, биыл мемлекет осындай науқастарға жасалатын операция санын арттырды.

Ғабит Өленбай, балалар нейрохирургы:

- Бұрын жылына 300 операция жсалатын. Қазір 450-500-ге жетті.

Сәлімгүл Тәжібаева да қиын операцияны басынан өткерді.  Дәрігерлер науқастың басындағы қатерлі ісікті алып тастады. Операция жасаудың жаңа әдісінің тиімділігі сол, бұдан соң сырқат кісі көп ұзамай үйіне шығады.   

Сәлімгүл Тәжібаева, Маңғыстау облысының тұрғыны:

- Екі жылдан бері сезіп жүргенмін. Алматыға бардым, МРТ-ге түстім. Былтыр ісіктің барын білдім.

Биыл дәрігерлер онкологиялық ауруларды емдеудің тың тәсіліне қол жеткізді. Ол қатерлі ісікті сәулемен емдеу әдісі. Жаңа технология енген бір жылда 58 адамға ем жүргізіліпті. Оның 25 пайызы бойындағы дерттен толық айыққан, 70 пайызының жағдайы жақсарған.

Арсен Түсіпбаев, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының бөлім меңгерушісі:

- Эндоскопиялық құрылғы арқылы адамның ішкі ағзасына сәулені енгіземіз. Ол ісік жасушаларын жояды. Егер науқас қатерлі ісіктің алғашқы сатысында келсе, дертінен толық айығады. Ал, асқындырып келген жағдайда, оның жағдайы біршама жақсарады.

Сондай-ақ, осы жылы өкпе обырын анықтаудың бұрын-соңды қолданыста болмаған тәсілі енгізілді. Президент ауруханасында шілде айында ашылған бұл бөлімге осы кезге дейін 18 науқасқа пышақсыз ота жасалып, олардан сараптама алынған.   

Жеңісбек Тыңқозиев, эндоскопист дәрігер:

- Бұл әдіс - өкпеден эндоспокиялық анализ алу. Бұрын өкпені ашу арқылы алынатын. Ол кезде науқастарға стационарлық көмек керек болатын. 2-3 күн жататын. Ал, қазір 1-2 сағаттан кейін рентген жасаймыз. Егер ешқандай асқынулар болмаса, науқасты үйіне қайтарамыз.

Жыл жаңалығы - операция жасайтын робот болмақ. Роботталған хирургияның тиімділігі сол, науқастың денесінде тыртық қалмайды, көп қан да кетпейді. Бастысы, операциядан кейін пациент тез қалыпқа келеді. 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу