Науқастың жай-күйі туралы барлық ақпарды дер кезінде дәрігерге жеткізетін білезіктер қолданысқа енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Науқастың жай-күйі туралы барлық ақпарды дер кезінде дәрігерге жеткізетін білезіктер қолданысқа енгізілді

21.12.2018

Электрондық қызмет түрлерін енгізу жағынан денсаулық сақтау саласы да кенде емес. Мәселен, дәрігердің есебінде тұратын науқастар енді арнайы білезік тағып жүретін болды. Сол білезіктің базасында әр науқастың денсаулығы жайында жеке-жеке ақпарат сақталған. Астана қаласында осындай пилоттық жоба енгізіліп жатыр. Бұл медициналық көмекті жедел көрсетуге үлкен мүмкіндік тудырып отыр дейді мамандар.

Астаналық Шолпан Елікеева қолына білезікті сәндік үшін емес, емдік үшін тағып жүр. Өйткені, оның қан қысымы тұрақсыз. Жүрек ауруы тағы бар. 6 жылдан бері дәрігердің қатаң бақылауында. Жедел-жәрдем қызметінің көмегіне де жиі жүгінеді. Сондықтан, оған осындай білезікті тағып жүру ауадай қажет. 

Шолпан Елікеева, Астана қаласының тұрғыны:

- Білезікті таққаннан бері сенімділік көбейді. Бұған дейін қан қысымым жоғарылып, құлап қалсам не болар деп қорқып жүретінмін. Ал, қазір мына құрылғының ішінде маған қажетті ақпараттың бәрі бар екен. Жедел-жәрдеммен ауруханаға алып кетсе де, жақындарым бірден біліп отырады.

Білезіктің қызметі де осы – науқас жайында барлық ақпаратты базасында ұстайды. Мұның есінен танып қалатын науқастар үшін пайдасы зор. Алғашқы медициналық қызмет көрсететін жедел-жәрдемнің мамандары мәлімет іздеп уақыт жоғалтпайды. Сматрфонын білезікке жақындатса болды, аты-жөнінен бастап, қандай аурумен есепте тұрғаны, қандай дәріні ішетіні, қай дәріге аллергиясы бар екеніне дейін бірнеше секундтың ішінде тауып береді. Тағы бір тиімділігі – науқас ауырып қалып, дәрігерлер білезік арқылы мәлімет қарап жатса, бірден науқастың туысқандарына автоматты түрде СМС хабарлама келеді. 

Тимур Мұратов, Астана қаласының Жедел жәрдем медициналық станциясының бас дәрігері:

- Мынау QR кодты кім оқыса, арнайы жазылып қойған туысқандарының телефонына автоматты түрде қоңырау кетеді. Ол кісілердің барлығы есептеліп, ауруханада есепте тұрады. Мүмкіндігінше, медициналық мекемелердің есебінен науқастардың барлығына тегін береміз.

Ал, қазір Астана қаласының өзінде есінен танып қалу қаупі жоғары 60 мыңға жуық науқас бар. Олар - қант диабетіне, артериялық гипертензия, созылмалы жүрек жеткіліксіздігіне шалдыққандар. Демек, олардың барлығына осындай денсаулық-білезік қажет. Ал, әзірге 200 науқасқа ғана тағылды. Пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, келер жылдың наурыз айынан бастап барлық науқасқа осындай құрылғылар тегін таратылатын болады.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу