Астанада менингококк жұқтырған тағы бір адам анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада менингококк жұқтырған тағы бір адам анықталды

04.10.2018

Қазір оның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Бұл туралы бүгін Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мәлімдеді. Оқиға 1 қазан күні болған. Ресми дерек бойынша Шығыс Қазақстаннан Астанаға келген 33 жастағы ер адам ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Тексере келе оның менингококтық инфекция жұқтырғаны анықталған. Дәрігерлер дереу әрекет ету арқылы асқынудың алдын алыпты. Сонымен қатар, науқаспен қатынаста болған барлық адам тексеруден өткен.  

Ақмарал Мейірманова, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің жетекші маманы:

- Менингококкты жұқпа хабарлама бізге келіп түскеннен бастап департаменттің мамандарымен бірден эпидемияға қарсы шаралар басталды. Қатынаста болған барлық адамдар анықталды. Астана қаласы бойынша барлық 6 адам оның ішінде 2 бала екінші қазан күні бактерологиялық тексерістен өтті. Бүгін нәтижесі шықты, қатынаста болғандардың барлығында нәтижелері теріс.  Қазір олар медициналық бақылауда.

Мамандардың айтуынша, науқастың қасында болған алты адам қазір антибактериялық ем қабылдап жатыр. Естеріңізге салайық, елордада жыл басынан бері аталған ауруды жұқтырған адамдардың саны жетіге жетті. Дегенмен,, дәрігерлердің айтуынша, «қазір қала тұрғындарына үрейленуге негіз жоқ. Жағдай қалыпты»,- дейді. Ал, менингитке қарсы екпені кез келген адам ерікті түрде қабылдауына болады.

 

Ербол МӘНДІБЕК    

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу