Елімізде көз ауруларын емдеудің жаңа үлгісі енгізілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде көз ауруларын емдеудің жаңа үлгісі енгізілуде

22.08.2018

Елімізде көз ауруларын емдеудің әлемдегі ең соңғы үлгісі енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, Алматыдағы «Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты» қазір көздің қасаң қабығын алмастыру оталарын жаңа әдіспен жасауда. Осы уақытта америкалық білікті мамандар біздің ақ халаттыларға шеберлік дәрістерін өткізіп, екі күнде 5 науқасқа операция жасады.

Тоғыз жастағы Әлинұр Қарамадидың сол жақ көзі 2015 жылдан бері нашар көреді. Ойын баласы сыртта жүріп, химиялық улы бояуға күйіп қалған. Тараз қаласында тұратын ата-анасы үш жылдан бері ем іздеп қиналып келген. Ол жақтағы мамандар ота жасауға мүмкіндік болмаған соң мемлекеттік квотамен Алматыға жіберген. Сапар сәтті болып, балаға бірден жаңа әдіспен операция жасалды.

Қарамади Сержанов, Әлинұрдың әкесі:

- Операция кеше сәтті өтті. Америкалық дәрігер  жаңа аппараттармен емдеп, трансплантация жасады. Енді қазір көзі жақсы көріп тұр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде қазір 10 миллион науқас қасаң қабық трансплантациясын қажет етеді. Жылына  40 мың ғана кератопластика отасы жасалады. Бұл қажетті мөлшердің 50%-на да жетпейді. Ал, Қазақстанда 700-ге жуық адам осы операцияға мұқтаж. «Өйткені, жыл сайын түрлі діни, моральдық, заңнамалық және өзге де себептерге байланысты донорлық материалдың тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр», -дейді мамандар.

Марат Сүлейменов, «Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасы:

- Біз қазір АҚШ-тың білікті мамандарымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде, америкалық қасаң қабық банкі арқылы консервіленген донорлық материал алу мүмкіндігін иелендік. Бұл  біздің еліміздегі науқастарға үлкен көмек болады.

Бұдан 10 жыл бұрын әлемде кератопластика әдісі қасаң қабықтың барлық қабатын ауыстыру арқылы жасалатын, ал қазір жағдай түбегейлі өзгерген.  Жаңа технология көмегімен көздің ішкі қабаттарын ғана ауыстырып, қабықтың мөлдірлігін қалпына келтіруге болады.

Бенджамин Ламбрайт, Америкалық офтольмологтар кеңесінің мүшесі:

- Біз операцияға қажетті барлық материалдарды АҚШ-тан өзімізбен алып келдік. Ал, Қазақстанда бұл әдісті енгізу үшін көз банкін құру қажет. Яғни, көз тіндерін сақтайтын жүйе қалыптастырып, осы материалдарды Қазақстанда дайындауға болады.

Көздің қасаң қабығын алмастыру бойынша әлемде көш бастап тұрған америкалықтар біздің дәрігерлерге шеберлік дәрістерін өткізді. Сабақ барысында  трансплантология бойынша жедел емдеу әдістері, емдеу процесінің интенсификациясы талқыланды. Ал, алдағы уақытта қазақстандық мамандар жаңа технологияның қыр-сырын меңгеру үшін АҚШ-қа аттанбақ.

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу