Бұл жаңашыл операция Санкт-Петербургтен келген онколог-хирургтардың көмегімен жасалды. Алдағы уақытта жергілікті дәрігерлер де тың тәжірибені қолданбақ.
Бұл тәсіл шетелде бұрыннан бар. Астана және Алматы қалаларында 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Яғни, операцияның ұтымдылығы дәлелденген. Орал қаласының тұрғыны Ирина Азовскаяның кеудесіндегі қатерлі ісікті екі жыл бұрын Мәскеу қаласында дәрігерлер ота жасап алып тастаған. Бірақ, скринингтік тексеру кезінде бауырдың зақымдалғаны анықталды. Енді бүлінген ағзаны мамандар радиожиілікті абляцияны қолдану арқылы тазартты.
Ирина Азовская, Орал қаласының тұрғыны:
- Операцияны кеше жасады. Түстен кейін-ақ мен өзім орнымнан тұрып, жүре бастадым. Түскі ас іштім. Ал, бүгін өзімді тіпті жақсы сезініп тұрмын.
Операция қарапайым тесу тәсілі арқылы жасалады. Асқыну қаупі төмен, науқас тез сауығады.
Нияз Малаев, онколог-хирург:
- Бұл бауырдың қатерлі түзілістеріне радиожиілікті абляцияны қолдану әдісі деп аталады. Науқасты бақылауда ұстаймыз. Қосымша зерттеулер жүргізіледі. Бұл әдістің ерекшелігі, қажет болса, операцияны бірнеше мәрте қайталауға болады.
Қатерлі ісікті емдеуде бұл тиімді және ісіктің жайылып кетуіне жол бермейтін теңдесі жоқ медицинадағы соңғы жетістік. Радиожиілікті абляцияны қолдану арқылы ісікті даралай және толықтай жоюға болады.
Игорь Руткин, онколог-хирург /Санкт –Петербург/:
- Қызылорда облысында бауырдың қатерлі ісік ауруы жиі кездеседі. Ал, науқастардың барлығына операциялық ем тағайындалмайды. Сондықтан, радиожиілікті абляцияны қолдану тәсілі сауығуға бір табан жақындатады, яғни, зақымдалған бауырға трансплантация жасағанға дейін өмірді ұзартуға септігін тигізеді.
Қызылорда облысы бойынша 5 мыңға жуық адам обыр дертіне шалдыққан. Соның 62-сінде бауырдың қатерлі ісігі анықталған. Бұл қауіпті дертпен науқастанғандардың 20-30 пайызы ғана операцияға жарайды, әрі өкінішке қарай, 70 пайызына тек паллиативтік көмек көрсетіледі.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.