Қызылорда облысында шалғай ауылдардың тұрғындарына жылжымалы медициналық кешен дәрігерлік қызмет көрсетуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында шалғай ауылдардың тұрғындарына жылжымалы медициналық кешен дәрігерлік қызмет көрсетуде

19.07.2018

Қызылорда облысындағы шалғай ауылдардың тұрғындарына жылжымалы медициналық кешен дәрігерлік қызмет көрсетуде.  Бұл  аурудың алдын алып, халықтың денсаулығын жақсартуға септігін тигізіп отыр.  Мамандардың айтуынша, түрлі дертке шалдыққандар көрсеткіші 9 пайызға  төмендеген. Бүгінде облыс тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығы 71   жастан асты.  Әсіресе, ауыл тұрғындарының денсаулығы нығайып келеді.

80 жастағы Сейілхан қария  жылына бір мәрте дәрігерлік тексеруден өтеді. Ол үшін аудан орталығына барып әуре болмайды. Себебі,  ауылға  жылжымалы медициналық кешен әлсін-әлсін келіп тұрады.

Сейілхан Садақбаев, Қамыстыбас ауылының тұрғыны:

- Мені тексеріп, бәрі жақсы деді.

Жылжымалы медициналық кешен заманауи қондырғылармен жабдықталған. Рентген, ултьрадыбыстық құрылғы, электрокардиограмма арқылы қауіпті кеселдерді дер кезінде анықтап, науқасқа жәрдем жасауға болады. 

Тамаша мүмкіндікті пайдаланған ауыл тұрғындары ешқайда сабылмай-ақ, білікті дәрігерлерге қаралды. Ал, ақ халаттылар бір айдың ішінде Арал ауданының бірқатар елді мекенін аралап, 2 мыңға жуық адамның денсаулығын жан-жақты тексеріп, дертке шипа ем түрлерін ұсынды.

Өңірде биыл жүрек-қан айналым жүйесі  аурулары - 10 пайызға, қатерлі ісік - 3,5 пайызға, туберкулезге шалдығу деректері - 11,8 пайызға азайған. Яғни, облыс тұрғындарының денсаулығы жылдан-жылға жақсарып келеді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.           

Хабарламаларға жазылу