Жаз басталғалы Астанадағы перзентханаларда осымен төртінші ана көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаз басталғалы Астанадағы перзентханаларда осымен төртінші ана көз жұмды

17.07.2018

Астана қаласының №2 перинаталды орталығында тағы бір әйел қайтыс болды. Жаз басталғалы қалалық перзентханаларда осымен төртінші ана көз жұмды. Дәрігерлер тек шарананы аман алып қалды. Өзекті мәселе бүгін Үкімет отырысында қаралды. Денсаулық сақтау министрі мен қала әкімі қайғылы оқиғалар бойынша Премьер-Министр алдында жауап берді.

Бір қуаныш, бір қайғы. Астанада ана өлімі жиілеп кетті. Маусым-шілде айларында №1 перинаталдық орталықта үш әйел көз жұмды. Шараналар аман. Ал күні кеше 34 жастағы тағы бір әйел сәбиін аман-есен босанғаннан кейін қайтыс болды.

Гүлназ Досмырзаева, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс акушер-гинекологы:

- Әйел адам 15 шілде күні №2 перинаталды орталыққа келді. 16 шілдеде өзі босанды. Содан соң әйелдің жағдайы бірден нашарлап кетті. Жетекші мамандар бар күшін салды. Бірақ, өкінішке қарай, әйелді аман алып қала алмадық.

Қайғылы жағдай бойынша арнайы комиссия құрылды. Тексеріс жүріп жатыр. Ал, дүниеге келген сәби – қыз бала. Дені сау. Қазір перзентханада. Бұл Астана қаласы бойынша жыл басынан тіркелген төртінші жағдай. Өзекті мәселе бүгін Үкімет отырысында талқыланды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:

- Елжан Амантайұлы, мына ана өліміне байланысты Астана қаласы бойынша кеше тағы да ақпарат шықты. Не себеп?

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қажетті зерттеу жұмыстары өткізілуде, Бақытжан Әбдірұлы. Бәрі шілде айында болғандықтан, патолого-анатомиялық, морфологиялық зерттеулер біткеннен кейін толық ақпарат береміз. Жалпы, қазір Астана қаласындағы амбулаториялық деңгейде әйелдерге қандай қызмет көрсетілгенін тексеріп жатырмыз. Арнайы штаб құрылған.

Мәселеге орай бас қаланың басшысы да Премьер алдында жауап берді.

Әсет Исекешев, қала әкімі:

- Жетекші медициналық орталық мамандарының қатысуымен консилиум өткізілді. Барлығы Денсаулық сақтау министрлігімен талқыланып, нақты іс-әрекет жоспары түзілді. Сондай-ақ, тәуелсіз сараптама жүргізу үшін және акушерлік-гинекологиялық көмек үшін Еуропаның мықты деп саналатын Израиль мамандарын шақырып отырмыз. Мәселе бақылауда.

Тек Астана емес, жалпы ел бойынша ана өлімін төмендету көрсеткіші көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері 31 әйел көз жұмған. Бұған не себеп?

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 

- Біріншіден, акушер-гинеколог, реаниматолог, анестезиолог дәрігерлердің тапшылығы. Екіншіден, көп өңірлерде денсаулық сақтау басқармаларында осы бағыт бойынша басшылардың болмауы. Және әрине, ең маңыздысы - жүкті әйелдердің кеш есепке алынуы. Экстрагенеталдық патология дейміз, басқа да жүйелі аурулар санының өсуі.

Министр жүкті әйелдердің 20 пайызы кеш есепке тұратынын тілге тиек етті. Көз жұмған әйелдердің басым бөлігі осы санаттан дейді. Бірақ, Астанада қайтыс болған 4-ші ана уақытылы есепке тұрған. Қалай болғанда да, ана өлімінің жиілеп кетуінің себебі әзірге белгісіз.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу