Бүгінде елордада 24 мыңға жуық медицина маманы қызмет етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгінде елордада 24 мыңға жуық медицина маманы қызмет етеді

02.07.2018

Осыдан 20 жыл бұрын Астана тұрғындарына 2 мыңға жуық медицина мамандары қызмет көрсеткен. Ал, қазір олардың саны 24 мыңға жуықтайды. Емдеу мекемелерінің саны қаншалықты артқанын осыдан-ақ байқауға болады. Сапа жағынан да мақтанатын жайымыз бар. Оған шетелдіктердің Астанадағы озық клиникаларға келіп емделетіні дәлел. Бұл жетістікке қалай жеттік? Қандай қиындықтар болды? Тілшіміз Сәуле Алдамұратқызы сол кезден бері қызмет етіп келе жатқан дәрігерлермен кездесіп, естеліктерін естіп келді.

Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы құрылған кезде Жүсіпбек Әжіғұлов басқарма басшысының орынбасары қызметіне келеді. 10 жыл бойы сол мекемеде тапжылмай еңбек еткен дәрігер қала медицинасының жай-күйін жақсы біледі. «Кадр тапшылығы медициналық мекеме көбейген кезде білінді», - дейді ол.    

Жүсіпбек Әжіғұлов, 1998-2008 жж. Денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары:

- Біздің университеттің жас дәрігерлерін институт бітіргеннен кейін жұмысқа алдық. Басқа жерлерден келген жас мамандар бар. Біразы көшіп келген. Медколледж бар, ол мейірбике шығарады. Олардың көбі аурухана, емханаларға келді.

Сол кезде Ақмолада 15 медициналық мекеме болса, қазір оның саны 40-қа жуықтады. Сонда бар болғаны 2 емхана болса, қазір 16. Аурухана 2-ден 20-ға жетті. Ал, медициналық қызметкер саны 2 мыңға жетпеген. Қазір қалада 24 мыңға жуық маман бар.

Астана медицинасы тарихының куәгері Сұлушаш Жарылқасынқызы қабырғасы сұрланып, едені сыз тартып, іші бір жылымайтын бөлмеде бүрсең қағып жүрген кездерін еске алады.

Сұлушаш Әбілқасымова, «Жедел жәрдем» қызметінің бөлім меңгерушісі:

- Мұнда дәрігерлік бригада, фельдшерлік бригада келгенде демалатынбыз. Мына жер қазір бокс болып тұр, ал, 20 жыл бұрын бұл үлкен актовый зал болған.

2001 жылы «Жедел жәрдемнің» бір қабатты көне ғимаратына қосымша нысан салынды. Сол жылы жаңа көліктер де берілді. Ал, өткен жылы «Жедел жәрдемнің» орталық станциясы іске қосылды. Халықаралық талаптарға сай медициналық мекемеде бәрі цифрлы жүйеге қосылған.

Жедел-жәрдем қызметінің қандай деңгейге жеткенін мына жерден көруге болады. Мына экранда Астананың картасы сызылған. Онда жедел-жәрдем көлігінің қайсысы қай жерде жүргені көрініп тұрады. Ал, оны үш диспетчер бақылап отырады. Мәселен, қызыл түс - бұл науқасқа қызмет көрсетіп жатыр деген сөз. Жасыл түс бұл жедел жәрдем көлігі бос деген сөз. Ал, көк - науқасты ауруханаға алып бара жатыр деген сөз. Мінекей, бәрі осылай бақыланады.

20 жыл бұрын Астана тұрғындарына 17 жедел-жәрдем көлігі қызмет көрсетсе, қазір оның саны 100-ден асты. Саны мен сыны келіскен көліктер сіздің саулығыңыз үшін тынымсыз жүйткейді. 

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу