Ағайынды Қуатовтардың ағасы інісіне донор болып, бір бүйрегін беруге келіскен. Сейітхан Жошыбаев атындағы Жүрек ғылыми-клиникалық және трансплантология орталығында жасалған операция сәтті өтті.
Ерлан Қуатов бүйрек дертінен 10 жылдан астам уақыт емделіп келген. Қанша жерге қаралса да, дертіне дауа таппапты. Органды ауыстырса ғана жағдайы жақсаратынын білген бауыры бүйрегін беруге бірден келіскен.
Мира Кертібаева, науқастың анасы:
- Балам «Інім ауырғанша, осылай қиналғанша, бір-бір бүйрекпен жүрейік» –мама», деп айтты. Күйеуім жоқ, қайтыс болған. Үш баланы өзім өсірдім. Екінші баламда да диплом бар.
Бұған дейін жамбылдық азаматтардың 65-сіне бүйрек, 14 науқастың бауыры, 4 адамның сүйек кемігі және екі науқастың жүрегі республикалық клиникаларда ауыстырылған. Әлі де облыста дәл осындай бүйрек донорлығына зәру 100 адам тіркеуде тұр. Өңір дәрігерлерінің ағза алмастырудағы бұл қадамы - білікті хирург Жақсылық Досқалиевтің қадағалауымен жүргізілді.
Жақсылық Досқалиев, Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының үйлестірушісі, хирург:
- Антигендік жағынан бір-біріне сәйкес келу керек. 50 шақты параметрлер сәйкес келгенде ғана ота жасауға, бүйрек ауыстыруға болады. Бүйрек ауыстырып болдық осымен шаруа бітті деген сөз емес. Бұл үлкен жолдың басы деп айтуға болады. Ары қарай дәрі-дәрмектерін алады. Керекті дәрілер бәрі де Қазақстанда мемлекет тарапынан тегін.
Донордан бүйректі ажырату, орнына салу операциясы 3 сағатқа созылды. Қалыптасқан салтқа сәйкес, отаның сәтті аяқталуының белгісі ретінде ақ ту көтерілді. Енді екі емделуші де біраз уақыт дәрігерлердің жіті бақылауында болмақ.
Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.