Бұл - Президент Жолдауында міндеттелген тапсырма. Жаңа модель қымбат стационарлық көмектен гөрі аурудың алдын алатын медициналық жәрдемге көшуді көздейді. Тегін көмек аясына барлық азаматқа арналған негізгі медициналық қызмет, скрининг, жүкті әйелдер мен 1 жасқа дейінгі балаларды қарау, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққан тұрғындарды тұрақты бақылау жатады. Биылдан бастап «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» медициналық қызметтерді сатып алумен айналыса бастады.
Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Жаңа үлгідегі тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін енгізу үш кезеңді қамтиды. Бірінші, медициналық көмекке ревизия жасау және көмек тізімін нақтылау. Екіншіден, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің аясында жаңа үлгіні дамыту. Үшінші, көмек көлемін жаңартып отыру.
Елена Бахмутова, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы:
- «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» келісімшарты бекіткен емдеу мекемелеріне 310,7 млрд. теңге қаржы төледі. Бұл халыққа тегін медициналық көмек аясында қызмет көрсету келісімшарты сомасының 45 пайызына тең. Бүгінде қор 1463 медициналық ұйыммен келісімшарт жасады.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ