Бір топ азамат Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың трансплантология бөлімі қайтадан ашылуын талап етіп отыр
«Трансплантология бөлімі жабылмасын!». Бүйрегі мен бауырын ауыстырған бір топ азамат осындай талап қойып, Президентке хат жазды. Өткен жылдың қазан айында Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың трансплантология бөлімі жұмысын тоқтатты. Осы бөлімде ұзақ жыл дәрігер-хирург болған профессор Жақсылық Досқалиев сәуірде қызметтен кетті. Енді ота жасалған 150 адам «барар жер, басар тауымыз жоқ, дәрігерімізді қайтарыңыздар» деп шағымданып отыр.
Жазираға 2 жыл бұрын қайтыс болған адамның бауыры салынған. Қазір жағдайы жақсы. Бірақ, бұрынғы дәрігеріне қарала алмайтынына қынжылтады. Әрі «5 күннен кейін өлесің» деп, көкбауырын алып тастағысы келген басқа мамандардан шошиды.
Жазира Сейсенбаева, І топ мүгедегі:
- Қазір біз ауырған жағдайда кімге барарымызды білмейміз. Біздерді Жақсылық Досқалиев емдегеннен кейін, басқа жаққа баратын болсақ, «сіздерді біз білмейміз, кім ота жасады, сол адам қарау керек», - дейді. Басқа дәрігерлерге баруға қорқамын.
Жазирамен қоса бір топ адам Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың трансплантология бөлімі қайтадан ашылуын талап етіп отыр.
Лейла Ағжанова, І топ мүгедегі:
- Астанада қаралатын маман жоқ. Бүкіл қалаға жалғыз-ақ нефролог бар. Ол тек дәрі жазып береді, емдемейді. Дене қызуым көтеріліп еді, «бүйрегіңізді алып тастаймыз», - дейді. Яғни, біліксіз. Бізге Досқалиев сияқты мамандар қажет.
Былтыр Ұлттық орталықтың трансплантология бөлімі жұмысын тоқтатқанша, 5 жыл ішінде 159 адамға трансплантация жасалған. Ал, профессор Жақсылық Досқалиев биыл сәуірде осы мекемедегі қызметінен кетті.
Елімізде 2 500-ден астам адам бүйрек донорлығында кезекте тұр. Оның 51-і – бала. 1700 адам бауырға мұқтаж. 150 адам жүрек күтіп жүрсе, 11 науқас өкпе донорлығына зәру.
Ал, Ұлттық ғылыми медициналық орталығының басшылығы бұл мәселе бойынша біздің хатымызға жазбаша жауап берді. Онда «транспланттау бөлімінің бар екендігі, бірақ, бірнеше дәрігерлердің жұмыстан кетуіне байланысты 2017 жылдың 9 қазанынан орталықта транспланттау бойынша госпитализациялау тоқтатылғаны» айтылған. Ал, профессор Досқалиевтің не себепті жұмыстан босатылғаны және қайта оралуы мүмкін бе, деген сұраққа жауап берілмеген. Ал, Жазира секілді науқастар үшін өмірмен күрес ағза мүшесі ауыстырылғаннан кейін басталады. Оларға тиісті ем-дом керек. Бұл талап Президент әкімшілігіне жіберілген хаттан кейін орындалады деп үміттенеді.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ
«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы