Отандық дәрігерлер буын алмастыру операциясын жыл сайын жетілдіріп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық дәрігерлер буын алмастыру операциясын жыл сайын жетілдіріп келеді

10.04.2018

Отандық дәрігерлер тізе буынын алмастыру операциясын жасау ісін жыл сайын жетілдіріп келеді. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын медицинада озық технологиялар болмады. Ал, қазір барлық жағдай жасалған. Сондықтан, тізе артрозына шалдыққан науқастар аяғынан тік  тұрып, өз бетімен жүре алады.

Юрий Барауля осыдан 10 жыл бұрын қос тізесі ауыратындығын сезеді. Қимылдаған сайын буындары ине қадалғандай шаншып, 10-15 метрден артық жүре алмайды. Уақыт өте келе аяғын мүлде баса алмай қалған ол былтыр екі тізесіне эндопротездеу операциясын жасатқан. Соның нәтижесінде құлан таза айығып, қазір өз бетімен жүріп, тіпті велосипедті де еркін тебеді.

Юрий Барауля, қала тұрғыны:

- Алғашында түрлі жақпа майдың бәрін қолданып көрдім. Бірақ, ешқайсысының көмегі тимеді. Өйткені, бұл ауруды қалай емдеу керектігін көп дәрігер айта алмады. Тек былтыр эндопротездеу операциясын жасаттым. Нәтижесі керемет. Тіпті, өзімнің аяғым сияқты.

«Тізе буындары артрозы дүниежүзіндегі әрбір 5-ші адамда кездеседі», - дейді мамандар. Дәрігерлердің сөзінше, бұл дертке ерлерге қарағанда, әйелдер 2 есе көп шалдығады. Тынымсыз қимылдайтын тізені байқамай ұрып алған жағдайда сіңірдің құрылымы бұзылады. Енді қазір осы ауруды емдеудің бірден-бір тәсілі - буын алмастыру екен. Ол буынның қызметін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Қайрат Оразалиев, травматолог-дәрігер:

- Операция жасап жатқан кезде желінген шеміршекті аламыз да оның орнына  темір буын қойып береміз.

Буын алмастыру операциясының нарықтағы құны орта есеппен 5000 АҚШ доллары тұрады. Қыруар қаржы қалтаны қағады. Сондықтан, екінің бірі ота жасай алмайды. Алайда, бұл проблеманы мемлекеттің көмегімен шешуге болады. Себебі, Қазақстанда буын алмастыру операциясын кепілдендірілген медициналық көмек пакеті арқылы тегін жасатуға мүмкіндік бар.

Юрий Барауля, қала тұрғыны:

- Мен операцияны жеке клиникада жасаттым. Қызметтің барлығы бір орында көрсетіледі. Ешқайда бармайсың, босқа сабылмайсың. Өздері тексеріп, қарайды. Ең маңыздысы, бір тиын да ақша төлеген жоқпын. Мемлекеттік квота негізінде бәрі тегін болды.

Тегін көмекті тек мемлекеттік емханалар емес, жеке меншік клиникалар да көрсетеді. Үкіметтің денсаулық сақтау жүйесін қайта реттеу бастамасын қолдап, мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке клиника баршылық. Мәселен, халыққа тегін қызмет көрсетуге ниетті 1600-ге жуық медицина ұйымының 600-і - жеке меншік.

Айта кетейік, елімізде буын алмастыру операциялары тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде жасалады. Оған биыл ел  бюджетінен 4 млрд. 870 млн. 375 мың теңге бөлінген.

Амангелді СЕЙІТХАН    

Хабарламаларға жазылу