Астанада паркинсон ауруын емдеудің мүмкіндігі кеңейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада паркинсон ауруын емдеудің мүмкіндігі кеңейді

11.12.2017
Астанада паркинсон ауруын емдеудің мүмкіндігі кеңейді

Бұған дейін ми операциясы елордадағы тек нейрохирургия орталығында жасалып келсе, енді бұл тәсілді Президент клиникасының дәрігерлері де қолға алды. Ерекшелігі сол, мамандар миға электродтарды енгізеді. Бұл ми қызметі бұзылып, өз бетінше өмір сүруден қалған науқастарды дертінен айықтырады. Операциядан кейін аяқтан тұрып, жаңа өмірге қадам басқан емделушілермен тілшіміз Раушан Сайлауқызы жүздесіп келді.

Біз елорда қаласындағы ауруханалардың бірінде тұрмыз. Мұнда паркинсон ауруымен науқастанатын 66 жастағы әйел адамға операция жасалып жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай хирургиялық тәсіл мидағы патологиялық ошақты жойып, жүйке жүйесінің қалыпты қызмет етуіне мүмкіндік береді.

Дертіне дәру іздеп, операция үстелінде жатқан бұл науқастың есімі Күлара Күрішбайқызы. Алматылық қарияның 16 жылдан бері денесі дірілдеп, аяқ-қолы қалтырап, тамақ түгілі қара суды өздігінен ішуі мұң болған. 

9 сағатқа ұласқан операция сәтті аяқталды. Арада бір күн өткен соң науқас есін жиды. Қарт ананың қазіргі жағдайы тым басқа.

Күлара Мәлікова, емделуші:

- Бұрын су іше алмайтынмын. Енді міне, көріп отырсыздар су ішем, өзім құйып аламын.

Ал, Қостанайдан келген Ұлмекен Махамбетова дененің дегбірсіз дірілін дәрімен басып келді. 9 жыл бойы төсек тартып, жүріп-тұрудан қалған науқас операциядан соң аяғынан тік тұрды. Қимылы ширақ. 

Ұлмекен Махамбетова, емделуші:

- Бұрын мен жүре алмайтынмын. Енді өзім жүрем. Тамақты да ішем. Киімді де кием. Құдайға шүкір.

Ми нейрондарын зақымдап, мүгедектікке әкелетін «паркинсон» ауруы кәрілікпен бірге келеді. Әсіресе, 60-тан асқан адамдар жиі ауырады. Алайда, қазір бұл дертке жастар да шалдығатын болған. Әлемде әлі күнге дейін дауасы табылмаған дертті хирургиялық жолмен емдеу тәсілі елімізде 2013 жылдан бастап қолға алынды. Операция науқастарға квота арқылы тегін жасалады. Ал, миға қойған қондырғының қуатын бес жыл сайын ауыстырып отыру қажет.

Азат Шпеков, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының нейрохирургі:

- Операцияның терең құрылымдарына бір немесе екі электрод енгізіледі. Стимулятормен жалғасады. Ол стимулятор бұғананың астында болады. Ол электродтар миды тітіркендіреді. Соның арқасында науқастың симптомдары жойылады.

Қазақстанда операцияның көмегімен күні бүгінге дейін 200-ден астам адам дертінен айықты.  Десе де, паркинсон ауруымен науқастанатын тағы 20 000-ға жуық науқас тіркеуде тұр. Хирургиялық тәсілді жетік меңгерген дәрігерлер ендігі кезекте Күлара мен Ұлмекен сияқты өзге де науқастарға жаңа өмір сыйлаймыз деген үмітте.

    

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу