Елімізде балалар арасында тісжегі дендеп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде балалар арасында тісжегі дендеп барады

05.12.2017

Қазақстандықтардың 60 пайызының тісін қанқұрт жеп жатыр. Бұл үлестің тең жартысы сүт тісі енді шыққан балаларда. Ал, ата-аналар заң бойынша бекітілген 18 жасқа дейінгі балаларды тегін емдеу шарасының игілігін көрмей жүргендерін айтады.

4 жасар Сарбиназдың тісі шіріп, әбден мазасы кетті. Ақыры тіс дәрігеріне баруға тура келді. Енді шыққан азу тісіне қанқұрт түсіпті.

Күлайым Бекбаева, Сарбиназдың әжесі:

- 3 жасынан бастап, немеремнің тіс проблемасы бар. Өзіміздің педиатрдан жолдама қағаз алып, осында келдік.

Еліміздегі 4 миллион баланың 1 миллионға жуығы тіс жегісіне шалдыққан.

Марина Ізғалиева, дәрігер-стоматолог:

- Ең кішкентай пациентім 1 жаста болды. Тіс жегі пайда болған, оның себебі тәттіден ғана емес, минералдық кальций, фтор жетіспегеннен және тұқым қуалап анасынан баласына жұғуы мүмкін.

Сондықтан, дәрігерлердің айтуынша, баланы жылына кем дегенде бір рет стоматологқа көрсету керек. Оның үстіне біздің мемлекетте заң бойынша 18 жасқа дейінгі балалар тістерін тегін емдете алу құқығына ие. Алайда, ата-аналардың бәрі бірдей бұл мүмкіндікті пайдалана бермейді. 

Тұрғындардың бұл шағымына министрлік емдеуге құлық танытпаған стоматологтарды айыптап отыр. Жыл сайын тек балалар үшін республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. 

Айнұр Тасылова:

- 2016 жылғы ең соңғы есептеме бойынша 762 млн. теңге осы балалар стоматологиясына бөлінді.

Елімізде 3278 стоматолог-дәрігер жұмыс істейді. 2611 тіс емханасы бар. Олардың 1611 жеке меншік болса, 920-сы мемлекеттік. Демек, Сарбиназ сияқты бүлдіршіндер дәрігердің көмегіне уақытылы жүгінуіне мүмкіндік бар.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу